Қарапайым ұялы телефон арқылы EXPO павильондарын іздеп тауып, көрме аясында өтіп жатқан шаралар жайлы толық мәлімет алуға болады. Бұл аса ғажайып жаңалық емес. Таңқаларлығы бұндай мобильді қосымшаны 10 жастағы мектеп оқушысы әзірлеген.

ӘЙМЕН НҰРЖАН, ОҚУШЫ:

Бұл бағдарлама туралы ой менде бір ай бұрын пайда болды. Өйткені менің ЕХРО көрмесі жайлы көп ақпаратты білгім келді. Ғаламтордан іздей бастағанда мен ақпарат таба алмадым. Ал бұл мектепте біздің қызығушылықтарымызға байланысты бағдарламалар жасап, оларды жүзеге асыра алдық. Қазіргі уақытта маған гид бағдарламасын әзірлеуге мұғалімім көмектесуде.

Комьютерлік бағдарламаудың мектебін ашқан,міне, осы жігіттер. Бірегей оқу ордасына балдырғандар 6 жастан бастап қабылданады.

ЖӘНІБЕК ҚАДЫРӘЛИЕВ, КОМЬЮТЕРЛІК БАҒДАРЛАМАУ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Кез-келген бала үш айдың ішінде өзінің бір бағдарламасын, немесе компьютерлік ойынын, мобильдік ойынын құрастырып шыға алады. Оған бүкіл мүмкіндік жасалған. Біздің ең басты мақсатымыз барлық бұқараға бағдарламалау тілінің болашақта керек болатынын және де ол болашақтың мамандығы екендігін білдіру.

IT – саласына аса ден қою қажет екендігін президент жуырдағы жолдауында атап өткен еді. Ол үшін Үкіметке арнайы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеу тапсырылған болатын. Бұл істі қазір ақпарат және коммуникациялар министрлігі жүзеге асыруда.

АРАЙЛЫМ МҰСАЕВА, ҚР АКМ БАСҚАРМА ЖЕТЕКШІСІ:

Технологиялар бір орында тұрмайды. Бұны бәріміз түсінеміз. Бізге заманға сай дамып, индустрия 4.0 бағытында біліктілігімізді арттыру қажет. Электрондық қызмет түрлерін дамытып, оларға қолжетімділікті арттыруымыз қажет.

Сандық технологияларды дамыту ісі бірнеше бағыттан тұрады. Атап айсақ, «Цифрлық Жібек жолы» жобасы аясында сандық инфрақұрылым дамып, 2020 жылға қарай 1200 ауылдық елді-мекен кең жолақты интернетке қосылады. Екінші креативті қоғам бағыты бойынша, халықтың компьютерлік біліктілігі арттырылып, үш жылда 100 мыңға жуық педогог, медициналық қызметкерлер сынды мамандар қайта даярлықтан өтеді. Үшінші бағыт экономика салаларын цифрлық түрлендіру. Яғни, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика жүйесі, өндіріс салаларына сандық технологиялар енгізу, электрондық сауданы дамыту, стартаптарды қолдау көзделуде. Сондай-ақ, биылдан бастап сандық қызмет түрлері ұлғайтылады. 2020 жылға дейін бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы автоматты түрде белгіленіп, балдырғанның медициналық картасын ашу, бала-бақша тіпті мектепке дейін кезекке қою ісі цифрлік жүйеге көшеді.

Жеке талқылауды қажет ететін тағы бір тақырып – 3Д принтерлер. Мәселен, Қытайда, бұл техника көмегімен бүгінде тұрғын үйлер бой көтеруде. Кәдімгідей баспана, принтер арқылы салынуда.

Дәл осындай принтерлерді бүгінде шет елдерден сатып алуға болады. Немесе өзіміз де өндіріп шығара аламыз. Қолдан келеді. Ол үшін енді EXPO аумағындағы технопарктің бар қауқарын пайдалану қажет. Әймен секілді жас өнертапқыштарды тарту керек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер