Спорт пен өнер үндестігі. Астанадағы корей мәдени орталығында «Түс қозғалысы» атты Универсиада-2017 нәтижесі мен 2018 Пхёнчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына арналған көрме ашылды. Экспозицияға Қазақстанның Олимпиада комитетінің коллекциясындағы туындылар қойылған.

ЛИ ДЭ ВОН, АСТАНАДАҒЫ КОРЕЙ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Биыл біз Корея мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыстың 25 жылдығын атап өтпекпіз. Бұл тұста екі елдің мәдени, спорт саласындағы ынтымақтастығы да аса маңызды. Сондықтан биыл осындай көрмелер, фестивальдер мен іс-шаралар жиі ұйымдастырылатын болады.

Дархан Рухолла, Мұхтар Бекенов, Аманжол Мүсәлімов және Маржан Әбілдина сынды қылқалам шеберлері спорт жайлы фантазияларын келушілермен бөлісті. Туындылардан суретшілердің өздері де спортқа құмар екендері аңғарылып-ақ тұр. Мәселен, Маржан Әбілдинаның өмірінде бейнелеу өнерімен қатар, триатлонның да алар орны ерекше.

МАРЖАН ӘБІЛДИНА, СУРЕТШІ:

Триатлонмен шұғылдану күш пен уақытты қажет етеді. Спортпен жүйелі түрде айналысу төзімділікке баулиды. Сондықтан өнерге де уақыт табылады. Екеуін бірге алып жүремін. Өз жұмыстарымды спортшыларға арнадым. Достарымның дені, бауырларым спортпен шұғылданады.

ГҮЛНӘР ИСИНА, «ARAY GALLERY» АРТ ДИРЕКТОРЫ:

Спорт үнемі қозғалысты білдіреді. Өнерде де осылай. Суретшілер жан-дүниесіндегі бар толғанысын картиналарына төгеді. Оның бәрі қозғалыстағыдай сезіледі. Спортшы да, суретші де күнделікті еңбектің арқасында ғана жеңіске жете алады.

Стиль шектеуі, бояу шектеуі жоқ туындылар көрмесі келушілерді ерекшелігімен қуантпақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер