Үкімет Елбасы жолдауындағы міндеттерді орындауға арналған Жалпыұлттық жоспар әзірледі. Құжатта бес басым бағыт айқындалып, экономиканың тамырына қан жүгіртетін нақты 19 шараның тізімі түзілген. Солардың бірі – бизнестің дамуына жол ашу. Өндірістің өрісін кеңейту үшін тексеруші органдардың саны мен әкімшілік кедергілер қысқартылады. Тың өзгерістер наурыз айында заңнамаға енгізіліп, бекітіледі. Бұл ретте әлемдік тәжірибе ескерілмек. Ал, «Бизнес бастау» бағдармасы аясында 15 мың азаматты кәсіпкерлікке баулу жоспары бар. Еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруда да ауқымды жұмыстар қолға алынған.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Біз Үндістан, Мысыр, Сингапур, Сербия, Израиль елдерімен еркін сауда-саттық жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұған қоса, ҚХР-мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты жалғастырамыз. Тауар экспортымен шектелмей, білім беру, медицина, айти-технология салалаларындағы қызмет түрлерін де ұсынбақ ниетіміз бар.

Ең әуелі өндіріс саласына инвестиция тартылады. Қазірдің өзінде бұл сала шетелдіктердің қызығушылығына іліккен. Мәселен, өткен жылдың 9 айында тартылған 14 млрд доллар тікелей инвестиция көлемінің 80 пайызы қайта өңдеу, тау-кен өндіру және ғылым салаларына бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, модернизацияның үшінші сатысы инвесторларды тарта отырып, Қазақстанды жаһандық өндіріске шығарады және өнімдерімізді шетелдерде саудалауға жол ашады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер