Қазақстанның үшінші модернизациясын Германия да талқылап жатыр. Азия елдерінің сарапшысы Биргит Ветцель Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жолдауының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Президенттің алға қойған талаптары, елді заман талабына сай болуға жетелейді.

БИРГИТ ВЕТЦЕЛЬ, АЗИЯ ЕЛДЕРІ БОЙЫНША САРАПШЫ:

Мен Қазақстандағы өзгерістерді бақылап отырамын. Президенттеріңіз жолдауында жаңашыл экономикаға, шағын жəне орта бизнеске қолдау көрсетуге баса назар аударды. Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанның өркендеуіне септігін тигізеді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев білім саласындағы өзгерістердің маңыздылығын атап өтті.

Ал Ұлыбритания Либералды-Демократиялық партиясының мүшесі Джонатан Фрайердің пайымдауынша, Қазақстан Президентінің жолдауы цифрлық ғасырда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Экономиканы «цифрландырудың» және ақпараттық технологиялардың дамуы нәтижесінде кейбір салалар өзектілігін жоғалтып, жаңа жүйе пайда болады,-дейді саясаткер.

ДЖОНАТАН ФРАЙЕР, ҰЛЫБРИТАНИЯ ЛИБЕРАЛДЫ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Әрине, бұл жолдау Қазақстанды даму бағытына жетелейтін тағы бір оң қадам. Сандық ғасырдың сынына төтеп беруге жасалған ұтымды әрекет. Бұл бастамалар Қазақстанды шынымен де заманауи елге айналдырады. Экономикалық тұрғыда бұл өте маңызды шешім болды деп ойлаймын.

Қазақстанның үшінші жаңғырту үрдісіндегі басымдық берілген басты бағыттарының бірі – жаңа еуразиялық көлік инфрақұрылымын дамыту. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа жолдауында 2020 жылға дейін көлік тасымалынан түсетін кірісті бес есеге арттыруды тапсырды. Ол үшін көршілес елдермен алыс-беріс пен барыс-келісті арттыру қажет. Еуразиялық кәсіпкерлердің экономикалық ынтымақтастығы қауымдастығының басшысы Игорь Филькевич Қазақстанның ірі көлік дәліздері қай тұрғыдан да пайдалы екенін айтты.

ИГОРЬ ФИЛЬКЕВИЧ, ЭКОНОМИСТ:

Қазақстан бірегей көлік дәліздерін іске қосуда тынымсыз тер төгіп келеді. Нәтижесінде осы жолдар арқылы әлемнің әр еліндегі тауарларды тасымалдауға болады. Қазақстанды әлемнің маңызды магистральдарының қатарына қосу – басты міндеттердің бірі. Бұл қомақты кіріс әкеледі. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер