Халықаралық түркі академиясының қолдауымен «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» көптомдығы жарық көрді. Елордада түркі әлемі үшін аса құнды болатын жинақтың таныстырылымы өтті.  Бауырлас халықтардың мәдени мұрасын насихаттау, қорғау мақсатында жүргізген ауқымды жобаға әлемнің 26 елінен 130 ғалымның зерттеуі топтастырылған. Танымдық мағызы зор 4 томдыққа енген мақалалар  ағылшын, түрік, орыс, қазақ, өзбек және басқа да тілдерде жазылған. Сүбелі еңбек түркиялық профессор Суер Екердің ғылыми жетекшілігімен басылып,  қалың оқырманға жол тартты.

СУЕР ЕКЕР, ПРОФЕССОР, /ТҮРКИЯ/:

Дүниежүзінде түркі тілінде сөйлейтін 175 млн адам бар. Ғаламдық деңгейде бұл өте аз көрсеткіш. Біз жер бетінде тарыдай шашылып жүрген азғантай топ өкілдерінің жойылып бара жатқан тілдерін қамқорлыққа алу үшін осы жобаны қолға алдық. 5 жылдық зерттеулердің нәтижесінде бауырлас халықтардың мәдени құндылықтарына қатысты  10 мыңнан астам деректер жиналды. 

Сондай-ақ, жиында түркі әлемінің енді бір жаңалығы жария етілді. Моңғолиядағы көне түркілердің «Шивээт улаан» ғұрыптық кешеніне жүргізілген халықаралық экспедицияның қорытындысы жұртшылық назарына ұсынылды.  Археологиялық зерттеу көпшілікке жұмбақ болған кешеннің 11 кішігірім мұнаралы қамал қабырғалардан, бас құрылыстың 8 қырлы іргетасттан құрылғанын көрсетіп отыр. Қазба жұмыстары  нәтижесінде  адам, жыртқыш аңдар мен  үй жан-жануарлары бейнеленген 17 тас мүсін табылыпты. Қазақстан мен Моңғолия елдерінің бірлескен жобасы 2019 жылға дейін жалғасады.

НӘПІЛ БАЗЫЛХАН, ШЫҒЫСТАНУШЫ:

Бұл – көне түркі дәуірінің бітім-болмысы жағынан қайталанбайтын ерекше кешен. Сонымен қатар  60-тан астам таңбасы, 30-ға жуық тас мүсіндері бар, таудың төбесінде, екі өзеннің қиылысында орналасқан сондай бір ерекше  табиғаты бар. 2017-2018 ж.ж. барып толық бітімін анықтап, қазба зерттеу жүргіземіз. Жалпы қандай құрылыс, көне түркі мәдениетінде қандай орын алуға тиісті.

Жақында түркі академиясы Сібірдегі түркі халықтарының аңыздарына арналған кітапті жарыққа шығармақ. Сондай-ақ аз санды, тыва хотон түркілеріне жасалған экспедицияның ғылыми нәтижелері жарияланатын болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер