Қазыналы еліміздің бейнелеу өнерінің өкілі әлемді тағы мойындатты. Танымал қазақстандық  суретші Жеңіс Кәкенұлы жақында Ұлыбританияның Лондон қаласында өткен бүкіләлемдік өнер бәйгесінің жүлдесіне ілікті.  Байқаудың кітап безендіру аталымында 150-ге тарта мемлекеттен жіберілген иллюстрациялық еңбектердің бабы сыналған болатын. Отандасымыздың жұмысы екінші орынға лайық деп бағаланды.

ЖЕҢІС КӘКЕНҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:

Қазаққа белгілі жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Қоңырқаз» дейтін әңгімесіне тұтас жасалған иллюстрацияларым сол кісілердің назарына түсті. Бақытгүл Махамбетова  дейтін  әдебиет агенті осындай жерде өтейін деп жатыр деген маған ұсыныс жасады Бағыңызды сынап көріңіз дегенде аяқ астынан жіберіп күтпеген бір тосын сыйға ие болдым.

Бұл орайда хас шебердің бүгінге дейін екі жүзден астам  кітаптың мұқабасын безендіруге атсалысқанын айта кеткен жөн. Тәжірибелі қылқалам шебері өзін жазушылық қырынан да танытып үлгерді. «Ақ зер» кітабында  еліміздің айтулы суретшілерімен қатар әлемдік бейнелеу кеңістігіндегі көркемөнер шеберлері жайында қалам тербеген.

ЖЕҢІС КӘКЕНҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:

Рембрандт, Пикассо болсын, басқа тілдерде ақпарат өте көп болатын болса, өзіміздің қазақ тілінде өте аз. Онда да басқа суретші емес, адамдардың жазған шығармалары. Өзім суретші ретінде қалай сезінемін, қалай түсінемін, сол арқылы кітапқа түйгенім, болмысым, ойларым басылды.

Қазақстандық майталман ұлы даланың қанық бояулары арқылы шет елде ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуді басты назарға алатынын айтады. Графикалық, мүсіндік, кескіндемелік еңбектерінің қайсысында болмасын шежірелі қазақ халқының салт-санасы мен  мәдениеті кеңінен көрірінс тауып жүр.  Әсіресе, туындыларының негізіне жылқыны арқау етуге құмар.

ЖЕҢІС КӘКЕНҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ

Осы Сарыарқа өңірінде жылқы алғаш рет қолға үйретілді. Содан бері Қамбар ата төлі сәйгүліктер қазаққа ылғи бір қызмет етумен келе жатыр. Біз соған қарыздармыз. Жоспар құрмастан-ақ менің шығармашылығымда ұлтқа деген тақырыптар өзінен өзі шығып жатады.

Қазақстан  суретшілері Одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, Президенттік степендия иегері – 600-ден астам кесек туындының авторы. 2014 жылы  Нью-Йорк қаласында ұйымдастырылған суретшілер байқауының  «Алтын қыран» медалінің иегері атанды.  Талай сырт мемлекеттерді аралаған  еңбектері мұражай қорларында сақталып,  жеке картина жинаушылардың үлкен сұранысына ие. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер