«Нұрсұлтан Назарбаевтың президент өкілдігінің бір бөлігін парламентке беру шешімі саяси тәжірибеде өте сирек кездесетін жайт, тіпті бұрын-соңды болмаған оқиға»,-дейді ресейлік сарапшылар. Осы елдің Саяси зерттеулер институтының директоры Сергей Марковтың айтуынша, президенттік басқару жүйесі Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етті. Ал Елбасы ұсынған қазіргі реформалар саяси жүйенің жаңа даму кезеңіне жол ашады. 

СЕРГЕЙ МАРКОВ, САЯСИ ЗЕРТТУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ /РЕСЕЙ/:

Өте орынды және дұрыс шешім. Көптеген ел, соның ішінде Ресей, осындай саяси модельді қалыптастыру жағын ойластыруда. Бұл – елдегі саясат жаңа реформаның көмегімен азаматтардың талабына сәйкес тез өзгеретінін бідіреді. Үкіметтің ауысуына және оның саясатының өзгеруіне қоғамдық пікір ықпал ететін болады.

Ал халықаралық сарапшы Джейкоб Зенн коституциялық өзгерістер республиканың стратегиялық жоспарындағы міндеттердің іске асуына оң ықпал ететінін жеткізді.

ДЖЕЙКОБ ЗЕНН, «JAMESTOWN FOUNDATION» САРАПШЫСЫ /АҚШ/:

Қазір Қазақстанның әлеуметтік жағдайы мен экономикасы қарқынды дамып келеді. Бұл тұста, екі саланы тең ұстау үшін Президенттің өз құзырындағы бірқатар өкілеттіктерді Парламент мен Үкіметке бөліп беруі өте орынды. Бұл өзгерістер Қазақстан 2050 стратегиялық жоспарындағы міндеттердің іске асуына септігін тигізеді.

Елдегі конституциялық реформа жобасы туралы шетелде білім алып жатқан жастар да құлағдар. Олар билік тармақтары өкілеттіктерін қайта бөлу арқылы оң өзгерістерге жол ашылатынына сенімді. Студенттер биліктегі күрделі реформалар нәтижесінде, «жауапкершіліктің» терең мазмұнға ие болатынына қуанышты. Сыни тұрғыда ойлап өздігінше ақпарат жинақтай алатын жастар – билікте тепе-теңдік сақтау, барлық мемлекеттерде бар құбылыс екенін айтады.

БЕКСҰЛТАН ӘБДІЖӘЛІЛ, «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ СТИПЕНДИАТЫ:

Шетелде білім алып жатқан жастар үшін елде болып жатқан кез-келген жаңалық өте маңызды. Елбасының конституциялық реформаларға байланысты үндеуін біз де ұйып тыңдадық. Бұл парламент пен үкіметке үлкен жауапкершілік жүктейді және демократиялық қоғамымызды одан әрі жетілдіре түседі. «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жатқан жастар бұл бастаманы бір ауыздан қолдайды. Өйткені бұл біз үшін, біздің болашағымыз үшін керек. Және оның жемісін де көретін күн алыс емес деп ойлаймын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер