Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары біршама азайды. Екі елдің сауда-экономикалық байланысын нығайту жолдары мен әріптестіктің жаңа мүмкіндіктері Астанада өткен бизнес-форумда сөз болды. Чехия Парламентінің депутаттар палатасының төрағасы Ян Гамачек Чехия үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі сауда әріптес екендігін атап өтті. Алайда ол екіжақты серіктестіктің мүмкіндіктері қазіргіден әлдеқайда зор деп отыр. Қазақстан Чехиядан көлік, электр құрылғылары, жиһаз және фармацевтикалық өнімдерді импорттайды. Ал Чехияға мұнай-газ саласы мен химия өнеркәсібінің  өнімдері жөнелтіледі.

ЯН ГАМАЧЕК,  ЧЕХИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТТАР ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ :

Соңғы 2 жылда біздің елдер арасындағы тауар айналымы азайды. Бұл қазақстандық немесе чехиялық өнімнің осалдығын білдірмейді. Мұндай жағдайдың қалыптасуына жаһандық сыртқы факторлар әсерін тигізді. Сондықтан осындай бизнес форумдар барысында өзара әріптестікті нығайту, тосқауылдарды жою мәселесін талқыладық. Кездесуге Чехиядан 25-ке жуық компания өкілі қатысты.

Қазіргі таңда Қазақстанда чехиялық капиталмен 185 бірлескен кәсіпорын бар. Оның 107-і жұмыс істеуде. Соңғы жылдағы екі елдің өзара тауар айналымы 170 млн доллар шамасында. Бизнес-форумға қатысушылар B2B форматындағы кездесулері екі елдің қарым-қатынасына серпін береді деген сенім білдіріп отыр. Чехиялық тарап  мақсатымыз да осы болатын,- дейді. Ауқымды делегация министрлікпен ғана емес, нақты кәсіпкерлермен кездескенді жөн көрген.

АЯН ЕРЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН КӘСІПКЕРЛЕРІ СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Чех компаниялары туризм және өңдеу саласына қызығушылық танытып отыр. Оларға Қазақстан арқылы Ресей және Қытай нарығына шығу мүмкіндігі туындайды. Чехиялық әріптестеріміз мұны жақсы біледі. Сондықтан олар әріптестікке әзір. Биыл «ЕХРО» көрмесі аясында елізге тағы бір чехиялық делегация келмек.

Бизнес-форум соңында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Чехияның Экономикалық палатасы арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер