Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің танымалдылығы Қытай елінде күннен күнге артып келеді. Жергілікті компаниялар қазірдің өзінде өнерпазбен келісімшартқа отырып, жұмыс істеуге ниетті. Ал қытайлық әншілер дуэт құрып, ән айтудан дәмелі. Ал фанаттар оның ізінен қалмай жүреді. Тіпті ол отыратын ұшаққа да билет алатын нағыз табынушылары пайда болды. Қалың Қытайды өнерімен қайран қалдырған қаршадай қазақ баласының бүгіні осындай. 

АЛПАМЫС ШАРИМОВ, ӘНШІНІҢ ПРОДЮСЕРІ:

Кинолардан көреміз ғой. Ұйықтаймыз да, таңертең тұрғанда жұлдыз болып кететін. Тура сондай жағдай, ол өмірде шынайы болады екен. Біз Бейжің мен Чаньша қаласының арасына қатынасып тұрамыз. Соңғы кезде Димаштың рейсін біліп алып, сол ұшаққа билет алып бірге ұшатын жанкүйерлері бар.

Қытайдың белгілі телефон құрастыратын компаниясы соңғы шыққан өніміне Димаш Құдайбергеннің қолтаңбасын бастырып, ықылас білдірді. Сыйға тартты. Кәсіпке бейім саудагарлер де қарап қалған жоқ. Миллиондаған жанкүйерлерге өз тауарларын тықпалауда. Міне, «Димаштікіндей қара күрдеше сатып алыңыз», дейді. Интернет дүкенде қазақ баласының бейнесі бар плакаттар, қолтаңбасы қойылған фотосуреттер, жастықшалар, әшекей бұйымдар, кәдесыйлар толып тұр.

ЛИ ЧЖАО, БЕЙЖІҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Димаштың ән салу мәнері кімді де болса таң қалдырмай қоймайды. Шынымен нағыз жұлдыз болуға лайық жан. Біз отбасымызбен оған жанкүйерміз.

Димаш қатысып жатқан байқау сәуір айына дейін жалғасады. Алдын ала жазылатын бағдарламаның төртінші туры да эфирге дайын. Тек ақтық сын тікелей эфирден көрсетіліп, жеңімпазды дауыс беру арқылы халық анықтайды. Әншінің продюсері Алпамыс Шаримовтың айтуынша, жеңіп шығу мақсат емес. Ең бастысы жоспар орындалды. Димаштың дара дауысын миллиардтар елі ғана емес, әлем ести бастады. Тиімді ұсыныстар қазірден түсіп жатыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер