Шетелдік инвесторларға оңтүстіктің экономикалық мүмкіндіктері мен әр өңірдің өз ерекшелігіне қарай ашылған индустриалды аймақтар таныстырылды. Олардың ішінде машина жасау, энергетика, тоқыма, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен туризм саласының үздіктері бар. Бұл шаралар Шымкентте Қазақстан-Түркия инвестициялық форумы аясында іске асты. Оған екі елден 500-ге жуық бизнестегі көшбасшы компаниялардың өкілдері қатысты.

МАХМУТ КОСЕМУСУЛ, САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ /ТҮРКИЯ/:

Біз қазіргі таңда ішкі экономикалық мүмкіндіктерді зерделеп жатырмыз. Соған қарай қай сала тиімді және қолдауды қажет етеді соған қаржы саламыз деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі кездесу екі жаққа да тиімді болатынына сенімдімін.

Бүгінгі таңда облыста шетелдік инвесторлардың көмегімен жалпы құны 3 миллиард АҚШ долларына жуық 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның алтауын Түрік кәсіпкерлері қаржыландырады.

БАУЫРЖАН ЖАМАЛОВ, ОҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Медицина жағынан арнайы үлкен топ келіп отыр. 8 мекеменің өзі министірлік көлемінде келген ұйымдар.Олар бірлесіп жұмыс істейміз деген ниет көрсетіп отыр. Онкология ең күрделі мәселе болып тұр. Поликлиникаларымызды дамыту, жедел-жәрдем қызметі соның барлығында келісім жүргізіп жатырмыз.

Оңтүстік Қазақстан облысына инвестиция құюға араб іскерлері де ниет танытты. Олар ірі құс фабрикасын салуға инвестиция бөлмек. Құны 85 миллион евро болатын нысанның құрылысы наурыз айында басталады. Оған қажетті 200 гектар жер Түлкібас ауданынан бөлінді. 800-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Жылына 30 мың тонна құс еті өндіретін кәсіпорында 14 кешен болады. Етті тауық балапанын инкубациялық көбейтуден бастап, дайын шұжық өнімдерін өңдейтін цехтар салынады. Құстарға қажетті жем-шөпті де өздері дайындайды. Алғашқы отандық өнім 2018 жылы шығарылмақ. Шетелдік инвесторлар тағы бір жобаны қаржыландыруға ниетті. Олар ірі және ұсақ малды көбейтуді қолға алмақ.

ӘБУНАСЫР ЖАНБАТЫРОВ, ОҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:

Бұл өте тиімді жоба бір жағынан. Бұдан шыққан өнімдер ішкі нарықты қамтамасыз етеді Қазақстанның ішін. Одан кейін Өзбекстан, Ресей, кедендік одақ елдерінің нарығына шығарылатын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер