Таңдайына бұлбұл ұялаған Әміре – шетел аспанын әнге бөлеген тұңғыш қазақ орындаушысы. Алаш үшін аңызға айналған ән атасын қайырымды ұрпағы еш ұмытпайды, ұдайы ұлықтайды. Нар тұлғаның қамшының сабындай ғана қысқа да, жарқын ғұмыры кесек шығармаларға арқау болып жүр.  Жақында Әміренің өнермен өрілген өнегелі өмірі туралы тағы бір кітап оқырманына жол тартты. Елордада «Әміре Парижде» атты тарихи-биографиялық очерктің таныстырылымы өтті. Кітап авторы белгілі күйші, музыка зерттеуші Жарқын Шәкәрім.

ЖАРҚЫН ШӘКӘРІМ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, МУЗЫКАТАНУШЫ:

1934 жылы Әміре Қашаубайұлы деген кітап жазғам өткен ғасырда. Содан бері ол жайында 5 кітап жаздым. Сол 5 кітаптің бәрін аударып негізгілерін алып бір кітап қылып орыс тілінде жарыққа шығардық. Қазақстанда орыс тілінде оқитын оқырмандар өте көп екен . Алматыда жарыққа шығып кетіп еді мыңдаған данасымен бір күнде жоғалып алып кетті.

Тұсауы енді кесілген жинақта бізге белгісіз болып келген Ұлыбритания мен Германияға гастрольдік сапарлары тың деректермен баяндалады. Кітапта сегіз қырлы бір сырлы қазақтың бір туар ұлының ұлттық театр актерлерінің көшін бастағандығы да жазылыпты. Туынды Әміренің  бастан кешкен сынақтары туралы да сыр  шертеді.

СҰЛТАН ОРАЗАЛИН, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Ол кезде атын атауға болмайтын Мұстафа Шоқай мысалы, Әміре туралы Парижде сөйлеген. Әміренің қуғын-сүргінге ұшырайтын, өмірінің соңғы кезде өте қауіпті жағдайда өткенінің себебі сол. Сол оқиғаның барлығы Әміренің жалпы қазақ мәдениетіндегі орны, қазақтың ән өнеріндегі алар орны, теңдесі жоқ ешкімге ұқсамайтын дауыс иесі болғанын музыкалық тұрғыдан зерттелген жағы осы кітапта бар.

Әміренің  орындауындағы әндер 1925 жылы фонографқа жазылып алынған екен. Оларды Жарқын Шәкәрім тауып өңдеген соң қайтадан күйтабаққа түсірді. Сол жазбалар жаңа кітаппен бірге таратылады. Тарихқа бойласақ, қайталанбас дарын иесін танытқан халықаралық көрме ғасыр айналып Сарыарқаның төрінде өтпек. Орайы келіп жазылған туындыдан бөлек, ЕХРО қарсаңында «Әміре» фильмінің премьерасы көрсетіледі.  Көркем туындыны отандық киноөндіріс шеберлері америкалық әріптестерімен бірлесіп түсіріп жатыр.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Қазіргі кезде монтаж, техникалық жұмыстары, кейбір тұстары қайтадан түсіріліп жатыр. Негізінен фильмнің 90 пайызы камераға түсіріліп болды. Бұл көркем фильмді біз дүниежүзілік прокатқа дайындап жатырмыз. Біз өз азаматтарымызды,рухани байлығымызды, тарихымызды бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Кім арқылы? Әрине осындай Әміре Қашаубаев сияқты қазақтың асыл ұлдарының арқасында.

Әншінің 130 жылдық мерей тойына арналған осындай тарихи тағылымды туындылар өскелең ұрпақтың мұрасы, рухани азық болары анық.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер