Қобыздың үнін біреулер құстың, енді бірі адамның даусына ұқсатады. Қалай дегенмен, бәрі бұл көне аспап әуенінің ерекшелігін мойындап отыр. Жыл сайын оны меңгеремін деушілердің қатары қалыңдай түсуде. Арасында шетелдіктер де бар. АҚШ-тың Қазақстандағы баспасөз-атташесі Рэн Элхай елімізге келе салысымен қобызға қызығушылық танытқан. Қазақ тілін де үйренбекші. «Дегенмен барша адамзаттың ортақ тілі – музыка»,-дейді ол. Оны үйрену де, жеткізу де әлдеқайда оңай. 4 жасынан скрипкада ойнайтын Рэн Элхай мұны жақсы біледі. Гитара, мандолина, домбыра сынды аспаптарды да әрдайым музыканттың жанынан табуға болады.

РЭН ЭЛХАЙ, ҚР-ДАҒЫ АҚШ ЕЛШІЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ-АТТАШЕСІ:

Мен қазақтарда скрипканың атасы сынды қобыз аспабының бар екенін білгенде бірден оны меңгеремін деп шештім. Оның дыбысы өте нәзік, бар сезімді жеткізетіндей. Бірақ ішкі жан-дүниеңді айқара ашу үшін аспапты жақсы сезіну керек. Қобыз музыканттың бір де бір қате қимылын жасырмайды.    Шектерін сәл артық немесе баяу бассаң, тиісті әуен шықпайды.  

Шетелдіктердің арасында қобызға қызығушылық танытушылардың артып келе жатқандығын белгілі қобызшы Раушан Оразбаева да растап отыр. Ол гастрольдік сапарымен әлемнің біраз жерін аралаған. «Алғашқы ноталардан бастап қобыздың үні жұртшылықты баурайды»,-дейді музыкант. Раушан Оразбаеваны тіпті арт-терапия сеанстарына шақырған. Өйткені қобыздың әуені адамды сауықтырады. Әлсіздікті сыртқа шығарып, оған күш-қуат береді.

РАУШАН ОРАЗБАЕВА, ҚОБЫЗШЫ:

Қобызбен орындалған туындыларды терапия ретінде қабылдайды. Адамдар мұндай сеанстарға тазару, рухани азық алу үшін келеді. Әсіресе, психологиялық жағдайын, жүйке жүйесін жақсартамын деушілер көп.

Қорқыттың музыкалық мұрасының заманымызға жетіп қана қоймай, дамуы – қуантарлық жайт. «Аспаптың мұңлы үні әлі талайды тамсандырары анық. Өйткені қобыз өзінің ерекшелігін сақтап қалды»,-дейді орындаушылар. Орындалған әрбір туындының өзіндік ерекшелігі бар. Жаңа күйлер де пайда болуда. Яғни аспап тарихы жалғаса бермек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер