Алатау бөктерінде өтіп жатқан 28-қысқы Универсиадаға ұзын-саны үш мың ерікті тартылған. Олар әр салада сан түрлі қызмет атқарып жүр. Қонақ күтіп алудан, шығарып салуға дейінгі жұмыстар, көрерменге жол сілтеу мен жарысты өткізуге көмектесу де солардың мойнында. Ерекше белсенді еріктінің бірі - шетелдік Лора Лауден. Аризонадан келген ол бір айдан кейін жетпіс бір жасқа толады. Өзі Ресейдің Челябі қаласында туған. Жиырма жыл бұрын ұлынан айрылып, қайғы жамылыпты. Мамандар кеңесінен кейін мұхит асып, Америкаға бет алады.

ЛОРА ЛАУДЕН, ЕРІКТІ:

Жаңа ел, жаңа жер. Алғашында қомсындым да. Өзге құрылыс қой. Біздің түсінікке келмейтін. Төселеді екенсің, үйренеді екенсің. 2014 жылы Ресейдегі анама келдім. Біздің қалада, Челябіде дзюдодан әлем чемпионаты өткелі жатыр екен. Жарнаманың бірінде  шет ел тілін білетін ерікті іздейтіні айтылыпты. Хабарластым. Алды. Франция құрамасына атташе болдым.

Алматыға дүниежүзілік еріктілер қозғалысының қолқа салуымен келіпті. Қалада осыдан қырық жыл бұрын болған екен. «Медеу» есінде. Апорттың дәмі аузында қалған. Енді міне, араға жылдар салып, қайта келудің сәті түсіпті.

ЛОРА ЛАУДЕН, ЕРІКТІ:

Шынымды айтайын. Универсиада жоғары деңгейде өтуде. Ұйымдастыруда мін жоқ. Осында келіп, жасарып қалғандаймын. Көбі - жастар. Солармен сөйлесем. Жұмыс көп. Мен тілшілер жағына жауаптымын. Баспасөз маслихаты кезінде де көмектесемін.

Жетпісінде жер әлемді шарлаған ерікті енді Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы олимпиада ойындарына баруды аңсайды. Құжаттары қабылданыпты. Енді әңгімелесуден өтеді. Орайы келсе, ерікті ретінде барып, қайтады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер