Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Беткейдегі бұталар көлеңкесінде» (шартты атауы) атты  жаңа толықметражды көркем фильмінің өндірісі басталды. Фильмнің режиссері − «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (2010 ж.) фильмімен танымал Қуат Ахметов. Фильмде басты рөлді биыл мамыр айында 80 жасқа келетін КСРО және Қазақстан Халық артисі Асанәлі Әшімов сомдайды.

-  Идея авторы Асанәлі Әшімов. Ол 2014 жылы маған елден шалғай тұратын жалғыз басты қарт туралы фильм түсіруді ұсынды. Асанәлі ағаның ойы бойынша қария – дала философы, түрлі ғылымға қызығатын адам,  - деді фильмнің режиссері Қуат Ахметов.

Қазіргі таңда картина дайындық кезеңінде: актерлер таңдау, реквизиттер дайындау және декорация тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр. Түсірілім жұмыстары үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларына жоспарланған. Сценарийін Хуат Ахметов пен ресейлік кинодраматург Одельша Агишев түркі халықтарының аңыз-әңгімелері негізінде жазған. Осы орайда Асанәлі Әшімов жобаға қатысты өз ойын айтты:

-  Бұл жобаны іске асыру туралы ұсыныс айтқалы бері түрлі жанрдағы талай сценарий жазылды. Алайда ол сценарийлерде менің көрермендерге айтар ойым дұрыс жеткізілмеген болатын. Сондықтан да Қуат екеуміз драматургты көп іздедік. Ақыры драматург табылып, бұл мәселе оң шешімін тапты. Қазір түсірілім жұмыстарын асыға күтіп отырмыз.

Фильм жайлы: Ағатай есімді қарттың ешкімі жоқ. Сүйген жары қайтыс болған. Араларында балалары болмаған. Ағайын-туысқандары да қалмаған. Фильмге өз ортасынан безіп, далаға барып тұруды көздеген қарт кісінің өмірі арқау болған. Әйтсе де данагөй, пәлсапашының жолында балалар үйінен қашып шыққан Бөбек деген кішкентай, елгезек бала кезігіп, оның бастапқы жоспарын бұзып кетеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер