Астана процесі нәтижелі өтті. БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура журналистерге берген сұхбатында осылай деді. Әсіресе, оппозиция өкілдерінің қатысуы, оқ атуды тоқтату тетігін табу және оны нығайту бағытындағы жұмысты айрықша атап өтті. Ал, осының бәрін жүзеге асыру жоспары Астанада БҰҰ-ы өкілдерінің қатысуымен дүйсенбі күнгі кездесуде талқыланбақ.

СТАФФАН ДЕ МИСТУРА, БҰҰ-НЫҢ СИРИЯ БОЙЫНША АРНАЙЫ ӨКІЛІ:

Ең алдымен түйіткілді мәселенің түйінін тарқатуға атсалысып, қонақжайлылық білдірген Қазақстан Республикасының Президентіне ерекше алғысымды айтқым келеді. Астана процесінде бір үстел басында 13 қарулы топ өкілі мен үкімет мүшелері бас қосты. Қатысушы тараптар татуласып, қанды қырғынды тоқтатуға мүдделі. Ал, осы елде жаяу әскері бар үш ел: Ресей, Түркия, Иран кепіл болды».

Астанадағы кездесу Сирия үкіметі мен оппозициялық топтар арасында одан әрі келіссөздер жүргізу үшін жаңа негіз қалады. Бұл диалог енді Женева аясында тереңдей түседі деген үміт зор.

АНДРЕЙ БАКЛАНОВ, РФ ФЕДЕРАЦИЯ КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Астананың басты жетістігі атысты тоқтату режимін бақылайтын үшжақты тетігі бар құрылғы  жасау болып табылады. Саяси тұрғыдан алсақ, бұл механизм жұмыс істейтін болса,  Сириядағы жағдайды реттеуге көмектесер еді.

ВЛАДИМИР САЖИН,  ШЫҒЫСТАНУШЫ /РЕСЕЙ/:

Қателеспесем, Сирия келіссөздері 2012 жылдан бері түрлі форматтарда жүріп жатыр. Алғаш рет оппозиция жағынан , соғыста жүрген, қолдарына қару ұстаған азаматтар тікелей қатысты. Бұл да оң нәтиже болып табылады.

Қазақстан Сирия шиелінісін реттеуге атсалысқан бітімгер мемлекет ретінде тарихи із қалдырды, дейді украиналық саясаттанушы Дмитрий Левусь.

ДМИТРИЙ ЛЕВУСЬ, САЯСАТТАНУШЫ /УКРАИНА/:

Қазақстан билігі Таяу Шығыстағы мәселелердің шиелініске толы екенін білді. Мәселен, сыртқы істер жөніндегі ведомствоның өкілі сириялық оппозицияның біркелкі ұстанымы жоқ екенін айтты. Дегенмен, дипломаттар оларды бір үстел басына жинап, келіссөздерді кедергісіз өткізе алды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер