Елбасы ел халқына арнаған биылғы Жолдауында алдағы 4 жыл ішінде азық-түлік экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырды. Ал ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа драйверіне айналуға тиіс екенін атап көрсетті. Саланың соңғы экспорттық көрсеткіштеріне келетін болсақ, өткен жылы Қазақстан шетелге 5,5 млн тонна астық экспорттады. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1 млн тоннаға артық. Сонымен бірге, ұн экспорты да артып отыр, ол саудаланған барлық астықтың 36 пайызын құрайды. Егер 2015 жылы отандық ауыл шаруашылығы мамандары 700 мың тонна ұн өнімдерін шетел асырса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 2 миллион 197 мың тоннаны құрады.

ШИРИНХОДЖА АСЛОНОВ, БИДАЙ САҚТАУ КӘСІПОРНЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Экспорт көлемі жыл сайын 10 пайызға дейін өсіп отыр. Біздің өнімге сұраныс жоғары. Әрине, бәрі де нарыққа тәуелді. Өйткені, ондағы ұн мен бидайдың басым бөлігі Қазақстанға тиесілі. 

Қазақстандың мал шаруашылығы да экспорттық мүмкіндіктері кеңейе түскен. Мысалы, биыл Жамбыл облысы Сауд Арабиясына ұсақ мал экспорттайды. Араб елі өңірден жылына 100 мың басқа дейін меринос, ақ қой мен қазақи қойларды сатып алады. Ол үшін сол елдің компаниясы, Қазақстан консульдығының өкілдері және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ортақ келісімге қол қойды. Айта кету керек, Меккеге қажылық кезінде Сауд Арабиясы 12 миллион басқа дейін мал импорттайды. 

БАЛЖАН ЫСҚАҚОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Бізде қой өсіретін шаруашылықтар көп. Соның ішінде «Шәушен», ММ, Байнұр, Бөрілі деген шаруашылықтар бар, қазіргі таңда солармен келісім жүргізіліп, 2 мың бас малды дайындап отырмыз сол критериийлерге сай.

Өнімдерімізді шетелдік тұтынушыларға ұсыну үшін тауарлардың дүниежүзілік талапқа сай болуын жіті қадағалау маңызды. Осы мақсатта өнім сапасын бақылайтын заманауи зертханалардың жұмысы күшейе түспек. Сондай мекемелердің бірін Шығыс Қазақстанда салу жоспарланып отыр. Мамандар жобаның әлеуетін жоғары бағалап отыр. Сондықтан, заманауи зертхананы жыл соңына қарай іске қосу жоспарда тұр. Әмбебап нысанда ауыл шаруашылығы өнімдері жүйелі тексеруден өткізіліп, арнайы сертификат табысталады. Бұл құжат отандық өнімнің шетел нарығына еркін шығуына жол ашады.

АСҚАР ЖАҚЫПБАЕВ, ШҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Мал өнімдері апаратына кәсіпкерлер сертификатты ветеринарлық зертханадан, өсімдік өнімдерін апартындар карантиндік зертханадан, дайын өнім апаратындар СЭС-тен өтетін болса енді, сол тексерістер бір-ақ жерде болады. Бір ғана сертификат беріледі. Ең тиімділігі – адам уақыты. Бір жерде болғаннан кейін оның зерттеудің құны төмендейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер