Қазақстанда шығарылатын халал өнімдерінің ортақ логотипі болуы қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері осындай ойда.  Қазіргі таңда елімізде бұл салада  нақты стандарт, ортақ белгі жоқ. 4 түрлі логотип қолданылуда. Сондықтан халал индустриясын дамыту тұжырымдамасын құру қажеттілігі туындап отыр.

ҒИЛЫМБЕК МӘЖИЕВ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АППАРАТ БАСШЫСЫ:

Бір логотипті беру құқығына біз ҚМДБ ұсынамыз. Ең басты мәселе біздер осы халал мәселесіндегі әрбір мекеменің орнын анықтау керек. Қай мекеме қай жерге жауап береді. Әркімнің жауапкершілігін анықтап бергенде біз дұрыс халал жүйесін құра аламыз.

Халал индустриясындағы өз тәжірибелерімен 1 апта бойы малайзиялық сарапшылар бөлісті. Шетелдік делегация Қазақстанға «Reverse linkage», яғни «Кері байланыс» жобасы аясында келіп отыр. Оны Ислам даму банкі, Германия халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қауымдастығы және Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті бірлесе жүзеге асыруда.

АНАС АХМАД НАСАРУДИН, «MARDI HOLDINGS» ҒЗИ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ /МАЛАЙЗИЯ/:

Біз құс етін өндіретін кәсіпорын мен мал соятын цехтардың бірінде болдық. Барлық құрал-жабдық  пен өндіріс процесі халықаралық «халал» стандартына сай екенін байқадық. Сондай-ақ, біз қазақстандық кәсіпорындарға «халал» брендін дамыту, нығайту бойынша тәжірибемізбен бөлісуге тырыстық. Бұл ислам елдеріне өнімді экспорттауға мүмкіндік береді.   

Қазіргі таңда халал өнім азық-түлік саудасының жалпы көлемінің бестен біріне тең. Мұнымен қатар, жыл сайын көрсеткіштер артуда. Әлемнің 2 млрд мұсылманы адал азық тұтынуды таңдап отыр. Нақты бір дін емес, тұтынатын тағамының сапасына ерекше талап қоятындар тағы бар. Яғни, қазір  халал индустриясын дамытудың дер кезі, -дейді мамандар. Бұл тұста Қазақстанның әлеуеті зор. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер