Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел Конституциясына өзгерістер енгізу туралы ұсынысы – батыл қадам. Қытай қоғамдық ғылым Академиясы жанындағы Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азияны зерттеу институтының ғылыми қызметкері Чжао Хуэйжун осылай дейді. Оның айтуынша, бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері қабылданған саяси маңызы зор шешімдердің бірі. 

ЧЖАО ХУЭЙЖУН, РФ, ШЕ ЖӘНЕ ОА ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ САРАПШЫСЫ:

Меніңше бұл реформа билік өкілеттілігін президент, парламент және үкімет арасында оңтайлы бөлуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елдің саяси құрлымын тұрақтандыруға да ықпал етеді. Ал мемлекетте тұрақтылық болса, xалық тыныш өмір сүре алады. Мұның барлығы экономиканың тұрақты дамуына әсер етеді. Бұл шешім көрші елдер тарапынан да қолдауға ие болады деп ойлаймын.

Елбасы үндеуін Еуропа елдері де талқылап жатыр. Орталық Азия бойынша неміс сарапшысы Гюнтер Кнабе де ой-пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, конституциялық реформа кемел келешекке жасалған тың қадам болмақ.

ГЮНТЕР КНАБЕ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША САРАПШЫ /ГЕРМАНИЯ/:

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары өкілеттіктерін қайта бөлуге қатысты үндеуі Қазақстанды жарқын болашаққа бастайды. Президент осылайша, елдің одан әрі өсіп өркендеуіне жол ашпақ. Осы ретте Қазақстан өзі таңдаған, өзіндік бағыт-бағдары бар дамудың даңғыл жолында келе жатқанын айтып өткім келеді. Бұл дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені бұдан былай министрлер мен депутаттарға үлкен жауапкершілік артылады.

Конституциялық реформа жөніндегі Қазақстан Президентінің үндеуімен мұхиттың арғы жағындағы іскерлік орта да танысты. Бизнес өкілдері бұдан тек оң нәтиже күтеді.

МАРДЖЕРИ КРАУС, «APCO WORLDWIDE» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Менің ойымша, Қазақстан президентінің бастамасы әлемдегі бизнес өкілдері үшін де маңызды. Өйткені ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері ашылады және байланысты одан әрі нығайта түсуге септігін тигізеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер