Шетелдік сарапшылардың талқысына түскен тағы бір тақырып Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауында көрсетілген жаңа бағыттар болды. Елбасы адами капиталды дамытуға ерекше назар аударып, білім беру жүйесіне өзгерістер енгізуді ұсынған болатын. Адами капиталды жақсарту арқылы Қазақстан 30 дамыған елдің көшіне міндетті түрде қосылады, дейді белгілі британиялық жазушы әрі журналист Ник Филдинг. Ол, әсіресе, сыни ойлау мен ақпаратты өздігінше іздеу қабілеттеріне бағытталған оқу бағдарламаларына ерекше назар аударылатындығына қуанышты. Британиялық білім осыған негізделген, дейді Филдинг.

НИК ФИЛДИНГ, ЖАЗУШЫ /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

Президент Назарбаевтың жолдауы – Қазақстанның кемеліне толғанының тағы бір белгісі. Елдеріңіз экономикалық және саяси жағынан жедел дамып жатыр. Биылғы жолдауда білімге басты назар аударылғандығы қуантады. Президенттеріңіз көреген кісі. Ол адами капиталдың адамға деген инвестиция және болашаққа деген инвестиция екендігін түсінеді.

Қазақстан дамуын бақылап, жетістіктерін саралап жүретін сарапшылар екі жаңғыртуды сәтті өткерген Қазақстан үшіншісін де ойдағыдай жүзеге асыратындығына сенімді. 

МОХАМЕД ИЛЬТАФ ШЕЙХ, ҰЛЫБРИТАНИЯ ЛОРДТАР ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сіздердің елдеріңіздің болашағы зор. Қазақстан – жас мемлекет. Мен сіздердің Президенттеріңізді мақтағым келеді. Ол басынан бастап мемлекеттің негізін қалады. Мен Назарбаевтың 25 жылда жеткен жарқын жетістіктерін ерекше атап өткім келеді. Мен қазақстандықтардың өте жақсы досымын. Өткен жылы елдеріңізде қонақта болдым. Мені халқыңыздың қонақжайлығы мен мейірімділігі таң қалдырды. Іссапар нәтижесінде баяндама дайындап, министрліктерге және сол кездегі премьер-министр Дэвид Камеронға тараттым.

Елбасы жолдауы ел ішінде де қызу талқыға түсті. Қарағанды қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері онда жүктелген ортақ міндеттерді бірлесіп талдады. Олардың пікірінше, Қазақстанның үшінші жаңғыруы елдің экономикалық өсімінің жаңа моделін қалыптастыруға сеп болады.

ВИТАЛИЙ ТВАРИОНАС, ҚР-ДАҒЫ ЛИТВА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛЫ:

Логистика, медицина,  білім, яғни Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы бойынша экономиканың барлық саласында реформалар жүргізіледі.  25 жылдың ішінде мықты құрылымдық команда жасақталды. Атап айтқанда, Қазақстан халқы ассамблеясы мен көппартиялық жүйе қалыптасты. Елбасы бұл командаға үлкен сеніммен қарайды. Себебі олар Елбасының көздеген мақсаттары мен қойған міндеттерді толықтай орындауға қабілетті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер