Қазақстан өңделген тауар экспортының жалпы көлемін 35 пайызға дейін жеткізді. Өткен жылы отандық тауар өндірушілер 35 млрд долардың өнімін саудалаған. Соңғы 10 жыл ішінде жергілікті кәсіпкерлер сырт елдерге жөнелтілетін тауар сұрыптарының тізімін кеңейтті. Бүгінде әлемнің 117 еліне мыңға тарта өнім түрі экспортталады.

МЕЙІРЖАН МАЙКЕНОВ, «KAZNEX INVEST» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шикізаттық өнім негізінен алыс шет елдерге жөнелтілуде. Ал таяудағы көрші мемлекеттерге шикізаттық емес тауар сатылып жатыр. Сәйкесінше, біз қазір дайын өнімді дәстүрлі стратегиялық серіктес елдерге жіберуге тырысамыз. Осылайша, ЕАЭО пен ТМД және Кавказ елдері арқылы Иран, Ауғанстан мен Шығыс Қытай нарығына шығатын боламыз.

Астанадағы шыны-пластикалық құбыр жасайтын зауыт – шетел нарығын бағындыруды қолға алған кәсіпорындардың бірі. Жақында экспорт  көлемін тағы 10 пайызға арттырмақ. Бүгінге дейін бұл мекеме өнімінің 40 пайызын шетелге шығарып келген.

АБЗАЛ САДУАҚАСОВ, ЗАУЫТ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

2016 жылы «Amitech» зауыты Еуропалық стандарттарды Қазақстанға енгізіп, 2017 жылдан жаңа стандарттарға көшетін болып жатырмыз. Ол өніміміздің сапасын арттыруға көмексетеді. Жалпы айтқанда, әлемдік дағдарыс себебінен, Қазақстан экономикасын ұлғайту мәселелеріне өз үлесімізді қосамыз. Сол себепті 2016 және 2017 жылдары экспорттық әлеуетімізді ұлғайтуға күш салып жатырмыз.

Ал екі жыл бұрын елордада ашылған шыны зауытының қуаты қазір тұтас Қазақстанды қамтуға жетеді. Бұл кәсіпорын да биыл сыртқы нарыққа өнімдерін экспорттай бастады. 

680 градус ыстықта сынақтан өткен әйнектің сапасын мамандар осылай тексереді. Зауыт жылына 100 мың шаршы метр әйнек шығарады. «Өнеркәсіп қуаттылығы өнім көлемін одан да арттыруға жетеді», - дейді мамандар.

МАРИНА ДМИТРИЕВА, КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ:

Қазір өз еліміздің нарығын отандық өніммен толтыруға мүмкіндік алдық. Бір айта кететін мәселе шикізатты Ресейден аламыз. Сондықтан тауардың бағасы да өседі. Бірақ шикізатті өзімізде өңдесек, әйнек пен шыны заттарының бағасы нарықта әлдеқайда төмен болар еді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер