БҰҰ Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде ұйым мүшелері Сириядағы дағдарысты реттеу бағытындағы Астана процесі жөнінде өз ойларын ортаға салды. «Мән-мағынасы жоқ қиян-кескі шайқастың алтыншы жылында, Сирия халқы азаптан арылар деген үміт оты тұтанды»,-деп мәлімдеді БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, төтенше жағдайлар мен гуманитарлық мәселелер бойынша үйлестіруші Стивен О`Брайен. Ол Сирия шиеленісін бейбіт жолмен шешуге арналған Астанадағы келіссөзге БҰҰ-ның арнайы өкілі Стаффан де Мистураның қатысуы да тегін еместігін еске салды.

СТИВЕН О`БРАЙЕН, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қақтығысушы тараптардың жағдайды саяси жолмен шешуге талпынуы жақсылықтың нышаны. Астанадағы келіссөз осыған дәлел. Бір біріне қару кезеніп жүргендер бір үстел басына жиылды. Оның үстіне Ресей, Түркия, Иран елдерінің оқ атпау режимін сақтау туралы үш жақты келісімі шиеленістің шешімін табуына оң әсер етеді».

Сирия мәселелерін реттеуге бағытталған Астана процесі тиімді тәжірибе берді, дейді украиналық сарапшылар.

ОКСАНА ПАРХОМЕНКО-КУЦЕВИЛ, МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ БОЙЫНША ҒЫЛЫМ ДОКТОРЫ:

Проблеманың шешімін таппасақ, Таяу Шығыста бейбітшілік орнату қиынға соғады. Оның әсері әлемдік қауымдастыққа зор зиян келтіреді. Жалпы Қазақстан дипломатиялық қарым-қатынастарға қолайлы, бейбіт сүйгіш мемлекет. Оның үстіне, сириялық шиеленісті реттеуге үнемі қолдау көрсетіп келеді».

ДМИТРИЙ ЛЕВУСЬ, САЯСАТТАНУШЫ /УКРАИНА/:

Қазақстан билігі Таяу Шығыстағы мәселелердің шиелініске толы екенін білді. Мәселен, сыртқы істер жөніндегі ведомствоның өкілі сириялық оппозицияның біркелкі ұстанымы жоқ екенін айтты. Дегенмен, дипломаттар оларды бір үстел басына жинап, келіссөздерді кедергісіз өткізе алды.

Қазақстан Сирия шиелінісін реттеуге атсалысқан бітімгер мемлекет ретінде тарихи із қалдырды, дейді сарапшылар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер