«ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне келетін туристер Қазақстандағы алғашқы жасыл ауыл – Арнасайға барып, елді мекенде қалағанынша қалып, экологиялық туризмнің жетістіктерімен таныса алмақ. «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» қолға алған экологиялық қонақ үйлер салу жобасы осындай мүмкіндік береді. Көрме ашылғанша Арнасай ауылында озық технологиялар ендірілетін 10 баспана бой түзейді. Ақпан айында жобаға қатысуға ниетті әрі игі іске лайықты үйі мен орамы бар баспана иелерін іріктеу басталады.  

САЛТАНАТ РАҚЫМБЕКОВА,  «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ G-GLOBAL-ДЫ ДАМЫТУ КОАЛИЦИЯСЫ» ЗТБ  БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

Бұл – аса тартымды әрі бірегей жоба. Туризмнің осы бағыты көпшіліктің қолдауын табатынына күмәніміз жоқ. Оған «ЕХРО» тақырыбына сай жұмыс істеуге ынталы ауыл тұрғындарын тартамыз. Отбасылық бизнесті дамытқысы келетіндерге кәсіби кеңес беріп, қолдан келгенше жағдай жасауға әзірміз.

Жоба қатысушыларын іріктеуде инфрақұрылым мен инженерлік желілері тартылған, қоныстануға жайлы үйлерге басымдық беріледі. Сондай-ақ, меймандарға бағбандықпен танысу мүмкіндігі жасалатын бау-бақша  аумағының болғаны абзал. Бастысы экоүйдің иелері шетелдіктерге қазақтың қонақжайлығы барынша паш етілетін бағдарлама құруға тиіс. Үміткердің бизнесінен түскен пайда екіге бөлінбек: бір бөлігі баспана иелеріне қалса, қалған жартысы қонақтарды қажетінше күтіп, жасыл үйге орнатылған озық технологияларды жетілдіруге жұмсалады. Осылайша, жоба ұйымдастырушылары ауылды аймақта шағын кәсіпкерлікті дамытуды жоспарлап отыр.

САЛТАНАТ РАҚЫМБЕКОВА,  «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ G-GLOBAL-ДЫ ДАМЫТУ КОАЛИЦИЯСЫ» ЗТБ  БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

Біздің тараптан жасыл технологиялар беріледі. Әр үйге коллекторлар, жарық үнемдегіш шамдар, тамшылап суару жүйесінің жаңа түрлерін үлестіресміз. Бау-бақшадан табиғи таза өнім алу үшін өзге де заманауи технологиялар мен тыңайтқыштарды дамытамыз. Осылайша, қонақтарды органикалық бағбандықпен айналысудың соны үлгілерімен таныстыруды жоспарлап отырмыз.

Жоба «ЕХРО» көрмесінен соң да сұранысқа ие болмақ, дейді жоба авторлары. Өміршең бағыт табиғат аясында демалуды қалайтын қазақстандықтардың көңілінен шығатынына сенімді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер