Арт дизайн мен бейнелеу өнерінің үндестігі. Елордада суретші Гүлдана Жұрқабаеваның «Өзіңе жол табу» атты жеке көрмесі ашылды. Онда астаналықтар мен қала қонақтарының назарына қылқалам шеберінің былғары матаға акрил бояумен салған 40-тан астам сәндік-қолданбалы туындысы ұсынылды. Шебердің еңбектерінде ежелгі тастарға қашалып салынған бейнелер мен нышандар табиғи материалдармен үйлестік тапқан.

ЕРМЕК АСЫЛХАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ДИЗАЙНЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Анималистикалық я болмаса, ғарышпен байланысты ою-өрнек түрлерімен қиылысып келедіде өзінің мазмұнын ашады. Ол дегеніміз түр арқылы, бояу арқылы, форма арқылы форманы жасау оны бұзып қайта жинау арқылы. Бұл дегеніміз өте қиын көп салалы іс-шара. Сондықтан да Гүлдананың жұмысы осындай өзінің ерекшелігімен танымал.

Автор жұмыстарында кеңінен қолданылатын  өңделмеген аң терісімен қатар, табиғи тастар, моншақ, түйме, қауырсын мен жануарлардың сүйектерін пайдаланады. Тарихи деректерге сүйене жасалған «Скиф сарындары», «Дала әуені», «Өткен өмір дыбыстары» атты топтамалар былғары мен кенепке салынған. Жалпы, Гүлдана Жұрқабаеваның шығармашылық қорында ұлттық нақышта орындалған 150-ге жуық туындысы бар.

ГҮЛДАНА ЖҰРҚАБАЕВА, СӘНДІК-ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕР ШЕБЕРІ:

Аң терісін тұрмыстық салтта сәндік тұрғыда қолдану ежелден келе жатыр. Мен сол ұмытылып бара жатқан дәстүрді бүгінгі заман ағымына сәйкестендіруді қолға алдым. Бұл жұмыстардың бір жағы өңделмеген аң терісі, ал ішкі жағында акрил бояуларымен салынған түрлі арнаменттер бейнеленген. Сондықтан оның қос жағында пайдалануға болады.

2016 жылдың 16 желтоқсанында суретші Сан-Марино республикасында өткен халықаралық өнер байқауында топ жарды. Отандық шебер жақында ұйымдастырушылардың ұсынысымен Сан-Маринода және көршілес Италия елдерінде жеке көрмесін өткізуді жоспарлап отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер