Универсиаданың алғашқы күні қазақстандық спортшылар үшін олжалы болды. Фристайлдан сынға түскен Жібек Арапбаева күмістен алқа тақса, оның командалық әріптесі Жанбота Алдабергенова қола жүлдегер атанды. Тағы бір қола отандасымыз Анна Шевченкоға бұйырды. Ал тау шаңғысынан өткен жарыста қыздар супер гигантта бақ сынады. Төрешілер ұсынған тізімде Қазақстаннан екі спортшы тіркелді. Олар – Мария Григорова мен Екатерина Карпова. Іріктеу кезеңінде екеуі де үздіктер қатарына ілінген жоқ. Қорытынды есепте тиісінше 29 және 28-орындарды иеленді. Ресейлік Елена Яковишина бірден топ бастаса, фин қызы Лукко Неа екінші нәтиже көрсетті. Жапон спортшысы Андо Аса үшінші сатыда тұрды.

ЕКАТЕРИНА КАРПОВА, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мұнда келген спортшылардың осалы жоқ. Бірақ Ресей қыздары мықты. Кез келгені жүлде бөлісіне араласады. Біздер де шама келгенше жарыстық. Бойда үрей болды. Содан кейін де керемет нәтиже көрсете алмадық.

Ал Универсиада ұйымдастырушылар қысқы ойындардың билеттері жақсы өтіп жатқанын мәлімдеді. Сайыстарды өткізу және әзірлеу жөніндегі дирекция басшысы Наиль Нұров билеттердің жартысынан көбі, яғни 110 мыңы сатылып кеткенін айтты. Әсіресе жабық стадиондар мен тау шаңғысы кешендерінде өтетін жарыстарды тамашалайтындардың қарасы қалыңдай түскен. Сайыстармен қатар, жүлдегерлерді марапаттау салтанаты да қонақтар назарын аударып отыр.

НАИЛЬ НУРОВ, УНИВЕРСИАДА-2017 ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Марапат тұғыры Республика сарайының қарсы алдындағы Абай алаңында ашылып отыр. Салтанатты шара күн сайын сағат 16-да танымал әншілердің, өнер қайраткерлерінің қатысуымен өтетін қызықты концерттік бағдарламамен басталады. Кешкі сағат 20-00-де спортшылардың жүлделері тапсыру салтанаты болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер