Төрткүл дүние көз тіккен Сирия дағдарысы бойынша Астана процесінің қорытындысы қандай? Шетелдік саясаткерлер елордадағы басқосуға өз бағасын берді.

АДАЛЬБИ ШХАГОШЕВ, РФ МЕМЛЕКЕТТІК ДУМАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ:

Бір кездері бітіспес жау болған, бір-біріне оқ атқан тараптар бір үстел басына жиналды. Қолына қару алып, соғысып жүрген адамдар келелі кеңеске келіп, маңызды мәлімдемелерді тыңдады. Астана процесінің басты жеңісі осы дер едім.

Астанада өткен келіссөз Сирия дағдарысын оңалтуға бағытталған үміт отын жақты. Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Астана процесі Сирия мәселесін бейбіт түрде шешуге оң ықпал етті.

ХУА ЧУНЬИН, ҚХР СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бұл кездесу келесі жолы Женевада өтетін бейбіт келіссөздің жемісті болуына оң ықпал етеді деп сенеміз. Біздің ойымызша Сирия қақтығысын тоқтатуға байланысты үміт пайда болды. Қытай барлық тараппен жұмыс істеуге дайын.

Екі күнге созылған Астанадағы Сирия мәселесіне арналған келіссөзді түрік сарапшылары да жіті бақылады. Ахи Эвран университетінің профессоры, саясаттанушы Куршад Зорлудың айтуынша, Астана процесі 8 ақпанда жоспарланған Женевадағы жиынға жаңаша серпін бермек.

КУРШАД ЗОРЛУ, АХИ ЭВРАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, САЯСАТТАНУШЫ:

Астана араздасқан елдерді елдестіріп, күн тәртібіндегі күрмеуі шешілмей тұрған күрделі мәселелерді бейбіт жолмен реттейтін дипломатиялық алаңға айналғалы қашан?! Астана процесі кескілескен қақтығысқа қатысы бар тараптардың басын жиып, шиеленісті саяси жолмен шешуге барлық мүмкіндікті жасады. Енді оның нәтижесі Женевадағы жиынды толықтырып, алқалы отырысқа жаңаша серпін береді деп ойлаймын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер