Қазақстан жастарының білім мен инновацияны ұштастыра отырып дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Оқушыларға мектепте оқып жүріп-ақ, ғылыммен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Сондай жас ғалымдар «Астана дарыны» орталығында өз өнертабыстарын жасаумен айналысады.

Мынау – қоқыс өңдейтін зауыттың макеті. Пеште қоқыс жанғанымен энергия өңделеді. Шыққан қызудың тең жартысы осы зауыттың ісіне жаратылады. Қалғаны аймақты қуат көзімен қамтамасыз ете алады. Жобаның авторы – небәрі 9-сыныпта оқитын Самат Кәмелтай.

САМАТ КӘМЕЛТАЙ, 9-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Қазір қоқыс өңдейтін зауыттарда тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы жояды. Соның салдарынан ауа ластана береді. Себебі, түтін арқылы түрлі зиянды қалдықтар ауаға тез тарайды. Ал менің қоқыс өңдейтін зауытым қоқысты жағу арқылы өз-өзін баламалы жарық көзімен қамтамасыз етеді. Бұнда зиянды улы заттардың қоршаған ортаға таралмауын қамтамасыз ететін технология қолданылады. Бу арқылы жылу жинайтын зауыттан энергия өндіріп, маңайындағы елді-мекендерді жарықтандыруға болады».

Балалардың алған білімдерін түйіндеуде көмек көрсететін пән - робот техникасы. Ол бүгінде еліміздің барлық мектептерінде енгізілген. Мәселен, Оралда қазірдің өзінде қаладағы 28 мектепке робот техникаларының жиынтығы жеткілікті көлемде сатып алынған. Нәтижесінде қала мектептерінде түрлі сайыстар жиі ұйымдастырылатын болды.

АРУХАН ЖАРМҰХАМБЕТОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осы курс енгізілгеннен бері оқушылардың қызығушылығы өте жоғары. Оқушыларымыз қала көлеміндегі, облыс, республика көлеміндегі, халықаралық көлемдегі конкурстарға қатысып жүлделі орындар алуда. Биылғы жылы 3 миллион теңге бөлініп отыр. Соған мына оқушылар жүйелі қолданып жатқан 15 комплект сатып алынды.

Ал Теміртаудағы кемелерді модельдеу клубының өкілдері инновациялық жобалар байқауының жеңімпазын анықтады. 700-ге жуық жоба бақ сынаған сайыста Руслан Брунердің кемесі «Техника» аталымында үздік шықты.

РУСЛАН БРУНЕР, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Кеме бөлшектерінің көп болғаны жақсы: Өйткені ол күрделі болған сайын көп тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кеме қаншалықты шағын болса, соншалықты әдемі болады.

СЕРГЕЙ ОКОНЕЧНИКОВ, ОҚЫТУШЫ-ШЕБЕР:

Менің бапкерім 1961 жылы жап жас бала болып келгенде клуб жұмыс істеп тұр екен. Бұл тек шығармашылық клубы емес, біз халықаралық байқауларда Қазақстанның намысын қорғап жүрген жалғыз клубпыз. Әлем мен Еуропа чемпионатына тек біздің команда қатысады.

«Өнертапқыштардың жеңістері балаларды қанаттандырады»,-дейді шеберлер. Теміртаудағы клубтың ашылғанына жарты ғасыр болған. Содан бері мыңдаған шәкірт түлеп ұшқан. Қазір мұнда олардың жеткен жетістігі мен бағындырған белестеріне арналған арнайы бұрыш бар. Онда нағыз шеберлердің үздік туындылары мен медальдары қойылған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер