Балет сүйер қауым үшін тағы бір тосын сый. «Астана Опера» балет труппасы Гала-балеттің тың бағдарламасын ұсынды. Петипа мен Ваганованың ең үздік хореографиялық туындылары көрермен көзайымына айналды. Ал заманауи қойылымдардың жанкүйерлері Пети, Микель және Звереваның шығармашылығын тамашалады. Бір сөзбен, бұл гала-балет барлық талғамдағы көрерменнің жүрегіне жол тапты. Артистер  болса, нақты бір қойылымда рөл сомдағаннан гөрі осындай концерттерде өнер көрсетудің әлдеқайда қиын екенін мойындап отыр. Алайда қиындығымен қызық. 

БАҚТИЯР АДАМЖАН,  «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСІ:

Нақты қойылымда басынан аяғына дейін бір рөлді сомдайсың, оны дамытасың, бір нүктеге жеткізесің. Ал гала-концерттерде белгілі рөлдің үзінділерін ғана ойнағандықтан, негізі қиындау. Бірден бір деңгейді көрсету керек, образды көрсету керек. Сондықтан ешқандай бастаусыз актерлық жағынан үлкен деңгей көрсету керек.

Елордалық театрдың артистер құрамымен бірге гала-балетте украиналық және белоруссиялық театрлардан шақырылған солистер - Эллина Походных пен Константин Героник те өнер көрсетті. Концертке Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева, Рүстем Сейітбеков, Жандос Әубәкіров, Гауһар Усина, Тайыр Ғатауов және Мәдина Басбаевалар қатысты.

МӘДИНА БАСБАЕВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Гала-концерттерде біз өзге елдегі әріптестерімізбен бірге өнер көрсетеміз. Мұндай байланыстың арқасында техникалық жағынан өзімізге түртіп алар жаңашылдықтар табылып жатады. Әріптестеріміз де біздің орындау ерекшелігімізді аңғарып, өздері үшін тың дүниелерді аңғарады.

Гала-концерт әр балеттің көріністері ме үзінділерінен құралған. Көрермен бір кеште саналуан сюжет тамашалай алды. Заманауи хореографиядан таза классикаға ауысып, одан өзге хореографияға көшу – көрермен үшін тың дүние.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер