«Қазақстанның қолайлы географиялық орналасуы болашақта Орта Азияда ғана емес, Еуразия құрлығында транзиттік хабқа айналуға мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Сол себепті әуе және жер үсті көлік тораптарын дамытудың өзектілігі артады. Осы ретте қазақстандық әуе айлақтарының өткізу қабілетін арттыру жұмыстары қызу жүргізілуде. 2016 жылы ел әуежайлары 12 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен. Соның 70% Алматы мен Астананың үлесінде. Елорда әуежайында құрылысы жүріп жатқан тағы бір терминал пайдалануға берілгенде мұндағы жолаушылар ағымы жылына 8,2 млн-ға дейін ұлғаймақ. Жаңа терминалдың аумағы – 47 мың шаршы метр, онда VIP-аймақ, кеңселер, мейрамхана орналасатын болады. Қазіргі кезде Астана әуежайы бір уақытта халықаралық және ішкі бағытта 12 ұшақты қабылдап-ұшыра алады. Айлақтың мүмкіндігін кеңейту жұмыстары әлі де жалғасады. Қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылған.

ҚУАНДЫК РЫСПАЕВ, «АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ ҚҰРЫЛЫС ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

аударма- мына жерде біздің тапсырыс бойынша жасалған багаж жабдықтары тұр. Ол қауіпсіздіктің барлық талаптарына толықтай жауап береді. Машина күдік тудырған жүкті автоматты түрде таспадан түсіріп жібереді.

Әуежайдың мүмкіндігі кеңейген сайын, жаңа халықаралық бағыттар саны көбейеді. Осылайша, көлік торабы Қазақстанның туристік тартымдылығын көтеруге үлес қоспақ. Жоспар бойынша Варшава, Хельсинки, Бейжің қалалары мен Астананың арасында аптасына бірнеше рейс қатынайтын болады. Токиомен тікелей рейстерді арттыру бойынша келіссөз жүргізілуде. Ресми деректерге сәйкес, Қытайдан Еуропа елдеріне және кері бағытта жылына 250 млн жолаушы қатынайды. Сол себепті Астана болашақта осы саяхатшылар үшін транзиттік нүктеге айналуы әбден мүмкін.

Ал алдағы мамыр айында Астанада жаңа теміржол вокзалы пайдалануға беріледі. Тәулігіне 35 мың жолаушыны қабылдай алатын нысанда қазір құрылыстың 80 пайызы аяқталып қалды. Ғимараттың металл қаңқасы толық тұрғызылып, қасбеті қапталып жатыр. Сәулеті келіскен жаңа вокзалда жасыл экономикаға да басымдық беріліп, жолаушылар үшін барлық жағдай жасалады. Мамандар 6 қабатты нысан тек отандық жиһазбен жабдықталады деп отыр. Жұмысты кестеге сай аяқтау үшін мыңнан аса қызметкер тынымсыз тер төгуде. «EXPO» көрмесі қарсаңында халық игілігі үшін берілетін теміржол вокзалында мыңнан астам көлікке арналған тұрақ та қаралған. Салыстыра айтсақ, жаңа нысанның аумағы ескі теміржол вокзалынан төрт есе үлкен болғалы тұр.

ИГОРЬ ГАЙДУК, ҚТЖ ВОКЗАЛ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазіргі уақытта  темір жол вокзалының құрылысы  аяқталуға жақын деп айтуға болады. Бұл  нысан жолаушылар үшін өте ыңғайлы болмақ.Пойыз бірден вокзалдың ішіне кіріп, сонда тұрақтайды. Жаңашылдықтың жағымды тұстары жетерлік. Айта кетерлігі ғимаратта жасыл экономиканы қолдану арқылы электр энегриясы үнемделіп, автоматтандырылға ауа-баптағыш іске қосылатын болады».

Сарапшылардың айтуынша, еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін ұтымды пайдалану Қазақстан арқылы Еуропа мен Таяу Шығыс бағытында Жаңа Жібек жолын дамытуға мүмкіндік береді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер