«Астана ЕХРО-2017» көрмесіндегі Австрия павильоны жел, күн, су энергиясының арқасында емес, адамның күшімен ғана қозғалатын болады. Архитектор Йоханн Мозердің жобасы үлкен машина іспетті жұмыс істейді. Мәселен, павильонның шамдарын жағып, не болмаса электр шәйнегін қайнату үшін келген қонақтар қозғалып, қуатын шығаруы керек. Осылайша, адамзат жарық өндірудің қандай қиын екенін түсініп, өздерін қуат көзінің бір бөлшегі ретінде сезіне алады, дейді сәулетші. Австрия елшілігінің мәліметіне сүйенсек, көрмеден тиесілі орындарын әрлеу үшін дизайнерлер бірнеше кезеңнен тұратын байқаудан өткен. Іріктеуге Еуропаның барлық елдерінен үміткерлер қатысыпты.

ХЕЛЬМУТ ДЁЛЛЕР, АВСТРИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

ЕХРО көрмесі аумағынан Австрия павильоны ресми түрде тапсырылды. Ішіне 30 австриялық компанияның өнімі қойылады. Ауданы 870 шаршы метр болатын павильон озық технологияға толы. Жаздың бел ортасында басталатын шараға дайындық қызу. Жақын күндері нысанның ішкі әрлеу жұмыстары басталады.

Көрме аясында «Австриялық-Қазақстандық ең үздік тәжірибелер» және Австрияның ұлттық күндері өтетін болады. Онда баламалы энерния көздері тақырыбында шеберлік алмасумен қатар, түрлі мәдени сабақтастықты нығайтатын шаралар ұйымдастырылмақ. Австрия әлемдегі «жасыл экономика» саясатын қолдайтын көшбасшы елдердің қатарында екенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда бұл мемлекет тұтынатын энергияның 25%-ын баламалы көздерден алады. 

ЗИГЛИНДЕ ШПАНЛАНГ, АВСТРИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ КОНСУЛЫ:

Бүгінде еліміздегі көптеген баспаналар мен әлеуметтік нысандарда күн панельдері орнатылған.  Австрия - өзен-көлге бай ел. Көбіне су көздерінен энергия аламыз. 2030 жылы мемлекетіміз пайдаланатын бар энергияның үлесінде баламалы қуат көздерінің көрсеткішін 34 пайызға жеткізу межеленген. Бұл орайда Қазақстанның әлеуеті зор. Байқауымша, сіздерде күн сәулесі мен жел екпіні бізге қарағанда күштірек.

Енді бір айта кетерлік жайт, австриялық компаниялар «ЕХРО»-ның бас ғимаратын жарықтандыратын 380 күн сәулелік панель жасап, сумен жабдықтайтын 1,5 км шойын құбыр тартыпты. Нысанның қасбетін әрлеуге де осы елдің дизайнерлері атсалысқан. Сондай-ақ, көрме аясында жарияланған «Үздік тәжірибелер аймағы» байқауында іріктелген 25 озық жобаның төртеуі Австрия өкілдерінің еншісінде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер