Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры астаналықтар мен қала қонақтарының назарына Рэй Кунидің «Смешные деньги» комедиялық қойылымын ұсынды. Оқиға желісі Англияда өрбиді. Қарапайым есепші Генри ақшаға толы сөмкені тауып алады. Мұның арты соқпақты болатынын түсінгенімен, күтпеген олжаны үйіндегі жұбайы Джейнге алып келеді. Олар бөтеннің қаржысын иемденіп, Барселонаға қашып кетпек болады.

Спектакльге Роман Чехонадский, Игорь Седин, Маргарита Мухамедива сынды театрдың белді артистері тартылған. Сахна саңлақтары премьераға бір жарым ай дайындалыпты. Джейннің рөлін Светлана Фортуна сомдады.

СВЕТЛАНА ФОРТУНА, АКТРИСА:

Мен үшін бұл шығармашылық жолымның өркендеуіне жол ашатын қойылым болды. Кейіпкерім пышақ жүзімен жүргендіктен, оның мінезін сол уақыттағы сезімін  көрермендерге жеткізу өте маңызды. Қиялға беріліп сәл әсірелеп жіберсең болғаны, мүлдем өзгеше әсер қалдырасың. Ағылшын халқының мінезі қаталдау, тұйық келеді. Сондықтан осы обрызды жасап шығаруға тырыстым.

Рэй Кунидің бұл пьесасын сыншылар қауымы жазылу мәнеріне орай Чарли Чаплин кинотуындыларының сюжетімен теңестіреді. Бүгінде бұл еңбек әлемнің 40 тіліне аударылған. Сонымен қатар, заманауи ағылшын драматургиясының классикасы саналады. Театрдың бас режиссері Бекболат Пармановтың айтуынша, аталмыш спектакль кездейсоқ таңдалмаған. Тәрбиелік маңызы зор жеңіл олжа тақырыбын көрермен жақсы қабылдайды. Қойылым барысында өзіне «мен бұл жағдайда не істер едім?» деген сауал қояды.

БЕКБОЛАТ ПАРМАНОВ, ТЕАТР РЕЖИССЕРІ:

Кез-келген адам еңбектенбей-ақ жоқ жерден мол ақша тауып алып, байлыққа кенелгісі келеді. Сонда мен керегімді сатып алып, ең дәулетті әрі бақытты адам болар едім деген армандайды.  Сондай арам ойларға беріліп, біз бөтеннің мүлкі, оның еңбекпен тапқан ақшасы өзіне қажет қой деген адамгершілік қасиеттерден айрылып, не үшін өмірге келгенімізді ұмытып жатамыз. Өзгенің қайғы-қасіреті арқылы бақытты болу ол өте тар әрі қате түсінік.

Айта кетейік, «Смешные деньги» қойылымы елордалық театрдың 116 маусымының – екінші, ал жаңа жылдың алғашқы премьерасы болды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер