Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды әріптестерінің бірі – Біріккен Араб Әмірліктері. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 326 млн долларға жетті. Ал тәуелсіздік жылдары Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінен келген тікелей инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жуықтады. Бүгінде елімізде әмірліктер капиталының қатысуымен 200-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олар ауыл шаруашылығы, металлургия және энергетика салаларын қамтиды. Қазақстанда шетелдік іскерлердің жұмысы үшін тиімді климат орнаған, дейді әмірліктердің бизнес өкілдері.

ХУССЕЙН ДЖАСИМ ӘЛ-НУВЕЙС, «AL NOWAIS HOLDING» КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ /БАӘ/:

Қазақстан пайдалы қазбаларға бай мемлекет, және ауыл шаруашылығы да жақсы дамыған. Бұған қоса, биыл сіздерде ЕХРО халықаралық көрмесі өтеді. Аталған шара шетелдіктердің, соның ішінде инвестолардың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.

АБДУЛЛА НАСР ӘЛ-МАНСУРИ, «AL NASR HOLDING» КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ /БАӘ/:

Біздің компания өзге елдерге мұнай өнімдерін жеткізумен айналысады. Қазақстан – біздің сенімді әріптестеріміздің бірі. Сіздің елде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғаны рас. Бұл өте маңызды.

Инвесторларды Қазақстанға қаржы құюға ынталандыратын тағы бір маңызды жайт – «Астана» халықаралық қаржы орталығының іске қосылуы. Қызметі ағылшын қағидаларына негізделетін орталықтың жеңілдетілген салық режимі және тәуелсіз қаржы соты болады. Әбу-Дабиде Глобал Маркет еркін қаржы аймағымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Біріккен Араб Әмірліктерімен ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – баламалы қуат көздерін дамыту. Бұл саладағы ықпалдастық әсіресе, «ЕХРО» көрмесі қарсаңында өзекті. Жыл басында Қазақстан президенті Әбу-Дабиде өткен «Болашақ энергиясы» Х Дүниежүзілік саммитке қатысты.

АНКА ВЕСТЛЕЙ, «ABU DHABI SUSTAINABILITY WEEK & SPECIAL PROJECTS» ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ энергиясы» Дүниежүзілік саммитіне қатысуға келісім беруі біз үшін өте маңызды. Себебі бұл іс-шара барысында қарастырылатын басты мәселе сіздің Президентіңіз «Астана EXPO-2017» көрмесі үшін басты етіп жариялаған тақырыппен байланысты.

Ұзақ жылдар бойы «жасыл энергия» тақырыбына бүкіл әлемді жұмылдыра білген Энергияның жаңғыртылатын көздері жөніндегі халықаралық агенттік те Астанадағы «EXPO-2017» көрмесіне қатысады.

АДНАН АМИН, «IRENA» АГЕНТТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біздің Агенттік «ЕХРО-2017» көрмесіне белсенді қатысып, Қазақстанмен бірлесіп, болашақ энергиясын дамыту жөнінен халықаралық қауымдастыққа ықпал ететін болады.

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің ынтымақтастығы өмірдің барлық салаларын қамтиды және ол алда тек тереңдей бермек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер