Қазақстанда коммерциялық жағынан ұтымды  кинотуындылар пайда болуда. Отандық және шетелдік прокатта көшбасшылар қатарында болған «28 панфиловшы» фильмі соның дәлелі. Туындының кассалық түсімі Қазақстанда 61,3 млн теңге болса, көрші Ресейде 361 млн рубльге жеткен. Голливудтың «Universal» компаниясы фильмді көрсету құқығын сатып алып отыр. Бұл туынды Канада мен Еуропа көрермендеріне ұсынылды. Енді Жапония, Корея және Франция елдеріне жол тартпақ. Сондай-ақ, үздік кинотуындылардың бестігінде Сергей Снежкиннің «Елбасы жолы»,  «Жұлдыздар тоғысында» фильмдері мен Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» туындылары бар.

АҚАН САТАЕВ, РЕЖИССЕР:

Біздің «Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол» сынды ауқымды фильмдерді түсіру мүмкіндігіміз бар. Қазіргі уақытта Рүстем Әбдіраштың «Алмас қылыш» туындысы жарыққа шықты. Мұндай фильмдерге, әрине, қомақты қаражат жұмсауға тура келеді. Алайда идеология қымбатырақ. Айтпағым – бұл фильмдерде патриоттық тәрбие, ұлттық құндылықтар, өткен тарихымыз, батыр тұлғаларымыздың ерлігі насихатталады. 

Сондай-ақ, биыл «Әміре» фильмі халықаралық прокатқа шығады деп күтілуде. Голливудтық продюсер Кэри Грэнэт пен «Оскар» иегері Эдом Джонстың қатысуымен түсірілген туынды үміт күттіріп отыр. Фильм қазақтың қара домбырасы мен әсем әнін шетелдіктерге паш еткен Әміре Қашаубаев жайлы. Дәл осындай кинокартина қатарында Қазақстан мен Орталық Азияның әйгілі ғалымы, тарихшысы Ермұхан Бекмаханов жайлы «Аманат» фильмі мен «Құнанбай» туындысы да бар. Айту керек, бұл еңбектер Болгарияда өтетін 9-Халықаралық кинофестивальде көрсетілмек. Барлығы тиісті министрліктің тапсырысы бойынша соңғы 3 жылда 100-ден аса фильм түсіріліпті.

РАШИД НҰҒЫМАНОВ, РЕЖИССЕР, ПРОДЮСЕР:

Бізде қазір 40-тан астам фильм әзірленуде. Олардың бір бөлігіне жеке инвестициялар тартылса, енді бірі мемлекет қазынасынан қаржыландырылуда. Мұндай ауқымды көлем бізге жаңа кинематографистер келіп жатыр дегенді білдіреді. Кешегі студенттер  индустрияның дамуына белсенді араласуда. Осының арқасында алдағы уақытта  сапалы , қызықты туындылардың саны артары анық. 

Қазіргі таңда елімізде 35 кино шығарушы компания бар. Телевизиялық және жеке жобаларды қосқанда 1 жылда олар 250 туынды экранға шығарады. Отандық кинотеатрлардың жыл сайынғы кассалық түсімі болса, 10 млрд теңге шамасында. Елімізде қазір 93 кинотеатр мен 247 кинозал жұмыс істейді.

БАУЫРЖАН ШҮКЕНОВ, КИНОТЕАТРЛАР ЖЕЛІСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жыл соңына дейін Қазақстандағы кинозалдардың саны 300-ге жетпек. 2006 жылдан бері бұл залдар цифрлық сапаға көшіріле бастады. Ал қазір лазерлік технологиялар келуде. Бірқатар кинотеатрларымыз лазерлік проекторлармен жабдықталып жатыр. Яғни визуалды мүмкіндіктер кеңеймек. Яғни киноға деген қызығушылық та артады.

Қазақстандық киноның көрермен жүрегіне жол тауып, бәсекеге қабілетті бола бастағандығы қуантады. Жоғары сапа, түрлі кинофестивальдер мен арнайы көрсетілімдер және тұрақты прокатқа шығу қазақ киносының осындай нәтижеге жетуіне жол ашқан.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер