ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегi үндеуiнен кейiн елiмiздiң саяси жүйесi «мықты президент, беделдi парламент, есептi үкiмет» тұжырымдамасына негiзделетiн болады. Бұл туралы Сенат отырысында Жоғарғы палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

«Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президент, үкiмет және парламент арасында өкiлеттiктердi қайта бөлу мақсатында Конституцияға өзгерiстер енгiзу мәселелерi бойынша Қазақстан азаматтарына арнайы үндеуiн жариялады. Президент өзiнiң бiрқатар өкiлеттiгiн билiктiң атқарушы және заң шығарушы тармақтарына беру бастамасын көтердi. Қызмет атқарып жүрген Мемлекет басшысы құзыретiн билiктiң тармақтарына өз еркiмен беруi – дүниежүзiндегi саяси өмiрде өте сирек кездесетiн құбылыс», - дедi Қ.Тоқаев.

Оның пікірінше, Конституцияға енгiзiлетін бұл өзгерiстер Қазақстандағы демократиялық үдерiстердi жетiлдiру жолында, жалпы мемлекетiмiздiң дамуында халықаралық бетбұрыс болатыны анық.

«Бiздiң саяси жүйемiз «мықты президент, беделдi парламент, есептi үкiмет» тұжырымдамасына негiзделетiн болады. Сенат депутаттары Президентiмiздiң үндеуiн белсендi түрде халық арасында кең ауқымды насихаттайды деп сенемiн», - дедi Қ.Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде Қазақстан халқына үндеу жасаған болатын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер