Екі күнге созылған Астана процесінің нәтижесінде Иран, Түркия, Ресей мемлекеттері бірлескен мәлімдеме жасады. Сириядағы шиеленісті шешудің үшжақты механизмін құруға келіскен бұл үш елдің өкілдері Ирак және Левант террорлық тобы мен «Ан-Нусра» лаңкестік ұйымдарын қарулы оппозициядан бөлу керектігін айтып отыр. Олар бұл тұста БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің 22/54 қарары бойынша шұғыл түрде келіссөздер жүргізу қажет деп санайды. Сондай-ақ, Иран, Түркия, Ресей мемлекеттері Астана процесі Сирия үкіметі мүшелері және оппозициясымен тікелей келіссөздер жүргізетін үнқатысу алаңы екенін атап өтті. Бірлескен мәлімдеме мәтінін ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып берді.

Қайрат Әбдірахманов ҚР Сыртқы істер министрі:

Біз қаруланған оппозициялық топтардың келіссөздердің кезекті раундына қатысу туралы ниетін  қолдаймыз. Бұл кездесу ағымдағы жылдың 8-ші ақпанында БҰҰ құзырымен Женевада  өтеді. Біз барлық халықаралық қауымдастық өкілдерін БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің 22/54 қарарында келісілген шараларды іске асырып, саяси процестерді қолдауға шақырамыз. Сириядағы саяси процестерді қамтамасыз етіп, ғаламдық үрдістерге өз үлесімізді қосу үшін  БҰҰ-мен бірлесе отырып Астана платформасында белсенді түрде ынтымақтастық орнату туралы шешім қабылдадық.

Астана процесіне қатысушылар мұндай жоғарғы деңгейдегі кездесуді ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен халқымызға алғысын жеткізді. Сирия үкіметі делегациясының басшысы Башар әл-Джафари журналистермен өткен баспасөз мәслихатында Астана процесінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Кездесуге келген әр мемлекет өз үлесін қосып, бір мүддеге тоғысқан құжат әзірленгенін айтты. Елорда төріндегі басқосуға жиналған тараптар шиеленіскен жағдайды саяси жолмен шешуге тырысты,- деді Башар әл-Джафари.

БАШАР ӘЛ-ДЖАФАРИ, СИРИЯ ҮКІМЕТІ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Астана кездесуінің негізгі мақсаты болды. Ол – қантөгісті тоқтату. Әрине, өзге оппозициялық топ өкілдерімен бір үстелде бас қосып, пікірлесу бізге оңайға соқпады. Бірақ, біздің бәріміздің қалайтынымыз елге тыныштық орнатып, бейбіт тұрғындарды қорғау. Ендігі мақсат, үш жақты жүйе арқылы қауіпсіздіктің орындалуын қадағалау.

Астана процесі - Сирия үкіметі мен оппозицияны бір үстел басына жинай білген жаһандық жиын және Женевада өтетін келіссөздерді жаңғырту жолындағы маңызды  қадам. Себебі бұл басқосуға келгендердің мақсаты бір, мүддесі ортақ. Ол – Сириядағы қарулы қақтығысты тоқтату. Келелі келіссөз өткізуге арнайы келген  БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура  журналистермен болған брифингте кездесудің нәтижелі аяқталғанын атап өтті. Астана процесі сұрапыл соғысты ауыздықтауға пәрмен берері сөзсіз, -дейді БҰҰ өкілі.

СТАФФАН ДЕ МИСТУРА, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ СИРИЯ БОЙЫНША АРНАЙЫ ӨКІЛІ:

Мен ең әуелі Астана процесінің нәтижелі өтуіне зор үлес қосқан Қазақстан Президентіне алғыс айтқым келеді. Бұған дейін Сириядағы ахуалды оңынан шешуге белгілі бір үрдіс, тиісті механизім  болмады. Бұл жолы біз нақты бір жүйе бойынша жұмыс жүргіздік. Гуманитарлық көмекке дейін талқылауға мүмкіндік алдық. Сириялықтар сұм соғыстан мезі болғаны баршаға аян. Ендігі меже лаңкестікке жол бермеудің тетіктерін табу. Бұл ретте кешелі бері  Астана процесі аясында қыруар шаруа атқарылды.

Еуроодақ – Сирия  дағдырысы бойынша келіссөздердің белсенді қатысушыларының бірі. Сондықтан олар екі күнге жалғасқан Астана процесіне көз тікті, құлақ түрді. Шартараптың назарын өзіне аударған  жиынның  қорытындылары жария етілгеннен кейін сарапшылар пікір білдіріп, бағасын берді.

АНДРЕЙ МАМЫКИН, ЕУРОПАЛЫҚ ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ

Тараптар бір үстел басында бас қосты. Бұл шындығында бірегей бастама. Астана процесі Сирия жерінде бейбітшілік орнатуға тың серпін берері анық. Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбевтың сарабдал саясатының жемісі екенін сөзсіз. Өйткені, Президент миллиондаған адамдардың тағдыры байланған мәселені шешетін ортақ алаң ұсынып, пікір білдірем деушілерге мүмкіндік жасады.  

ТАИСИЯ МАРМОНТОВА,  Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ АЙМАҚТАНУ КАФЕДРАСЫНЫҢ ДОЦЕНТІ:

Қазақстан үшін бұл үлкен қадам. Бұл біздің көп бағытты саясатымыздың дәлелі, әлемнің елімізді бітімгер ретінде мойындауы.  3 қаңтарда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз жұмысына кірісті.  Астана процесі сынды жиындар Қазақстанның бұл міндетін жоғары деңгейде орындайтындығын білдіреді.

Белсенділігімен,  тепе-теңдікті сақтау және сұхбат жүргізуге ұмтылысымен танылған  Қазақстанның сыртқы саясаты әлемде сенімге ие болды. Сондықтан сарапшылар Астана Сирия шиеленісі бойынша келесі келіссөздерді өткізу алаңы болуы да ықтимал деп отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер