Астананың сәулетті ғимараттары белгілі фотосуретші Жан- Франсуа Розьенің шабытын оятты. Сандық технологиялық өнердің хас шебері Қазақстанның бас шаһарына 30-ға тарта туындысын арнаған. Оның еңбектері Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылған көрмеге жайғастырылды. «Астана Опера» театры, «Хан Шатыр» ойын-сауық және сауда-саттық орталығы, «Хазірет Султан» мешіті сынды қаланың көрікті нысандары шетелдіктің қырағы көзіне түскен. Бірегей туындылар дәстүрлі сәулет технологияларына мүлдем ұқсамайды. Астаналықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынылған фотосуреттер заманауи графикалық бағдарламалардың көмегімен өңделіп ерекше бір қайталанбас қырынан бейнеленген.

ЖАН-ФРАНСУА РОЗЬЕ, ФОТОСУРЕТШІ /ФРАНЦИЯ/:

Менің екі жұмысым Қазақстанда сатылды. Бұдан соң еңбектерімді бағалаған елге деген менің де қызығушылығым арта түсті. Қазақстан жайында ақпарат жинай бастадым. Ғаламторда Астанадағы бірінші Президент кітапханасы ғимаратына тәнті болдым. Құрылысы өте ерекше, көңілімді бірден баурап алды. Сондықтан керемет құрылыс мекенін өз көзіммен тамашалауға бел будым.

Фотосуретші бұл шешімін өткен жылдың мамыр айында жүзеге асырыпты. Астанаға аяқ басқанда сәулетті нысандардың жарасымды кейпіне ынтық болып, болашақтың қаласына балағанын айтады. Сондықтан заманмен үндесе бой түзеген нысандарды қиялынан туған бейнелермен толықтыра түскенді жөн санаған. Шетелдіктің іске асқан бұл ойын көрме қонақтары жоғары бағалады.  

ЛАМИН М., СУРЕТШІ /ФРАНЦИЯ/:

Оның еңбектері  мені шабыттандырады. Мен бұл ерекше жұмыстардың әсемдігіне қанығу үшін көрмені тамашалауға келдім. Маған «Хазірет Сұлтан» мешіті бейнеленген туынды қатты ұнады.

АЙМАН НУРТАЙ, АСТАНА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жұмыстар аса қажырлы еңбекті қажет етеді. Өте керемет туындылар. Көрмеден үлкен әсер алдым.

Жан-Франсуа Розье 14 жасынан фотоөнерге құмар болыпты. Әуестігін кәсіби деңгейге жеткізген ол екі мыңыншы жылдары «Гиперсуреттер» мәнерінде жұмыс істей бастаған. Бұл – бір туындыға жүзден мыңға тарта суретті біріктіру стилі. Бүгінде Розьенің фотосуреттері Лилль өнер сарайында, Мәскеудің заманауи өнер мұражайы мен жеке колекцияларда сақтаулы. Постмодернистің объектівіне Версаль, Ыстамбұл, Барселона, Баку сынды қалалардың сәулетті ғимараттары түскен. Шетелдік азамат болашақта Алматы қаласының әсемдігін тамашалауға ниет танытып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер