Қазақ әншісі Димаш Құдайберген Қытайда өтіп жатқан «Мен әншімін» телебайқауына қатысып, сайыстың алғашқы кезеңінде қазылар алқасының ең жоғарғы ұпайын еншілеп, жеңімпаз атанды.

Қытайдың кәсіби әншілермен сайысқа түскен Димаш Құдайберген жоба авторлары ұсынған күрделі француз әнін асқан шеберлікпен шырқады. Байқау шартына сәйкес, іріктеуден іркілмей өткен 8 әншінің біреуі кетіп, қалған жетеуі бас бәйгені сарапқа салды. Жеңіс кубогы ең үздік өнерпаз деп танылған талантты жерлесімізге бұйырды. Оның өнеріне қайран қалған бір топ қытайлық фанат әншінің ана тілін түсіну үшін іле-шала қазақ тілі курсына бара бастапты. Ал ұлының бас жанкүйері – оның анасы.

СВЕТЛАНА АЙТБАЕВА, ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕННІҢ АНАСЫ:

Бұл байқаудың бір ерекшелігі – нағыз сахнада жүрген, қалыптасқан әншілердің ортасында өтетін байқау. Бұл соншама миллиардтың арасынан финалға өткеніне біз қуанып едік, сол сегіздің ішінде Димаш ең жоғары балл алып, қазақтың мәртебесін, еліміздің мерейін тағы да бір рет көтерді деп қуанып жатырмыз.

Әдемі дауыс иесі Димаш Құдайберген 5 жасынан бастап ән үйірмесіне қатысқан. Мектептен кейін музыка колледжін тәмамдаса, қазір Ұлттық Өнер университетінде оқып жатыр. Ол 2012 жылы «Жас қанат» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды, ал, 2015 жылы «Славян базары» байқауынан жүлдемен оралды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер