«Сириядағы шиеленісті шешудің жалғыз жолы - бейбіт келіссөз». Астана процесіне қатысушыларға жолдаған үндеуінде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Ресми Дамаск пен қарулы оппозиция көсемдері бас қосқан жиынға Ресей, Иран, Түркия, АҚШ, БҰҰ-ның өкілдері келді. Елбасының үндеуін еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқыды.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Шамамен 6 жыл бойы жалғасып жатқан қантөгіс түрлі өркениет пен мәдениет тоғысқан өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ештеңе әкелмеді. Бейбітшілікті насихаттайтын Қазақ елі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнап, беки түсуіне мүдделілік танытады. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев.

Алайда, 6 жылға созылған Сирия қақтығысының жайы Астанада бір күнде шешіле қоймасы анық. Дегенмен еліміздің бейбіт бастамасы ахуалды реттеуге үлес қосады деген сенім зор. Атап өтерлігі, Қазақстанның өзі келіссөзге қатыспай, тек ашық пікір алаңын ұсынып отыр.

РОМАН ВАСИЛЕНКО, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл кездесу – 8 ақпанда Женевада өтетін жиынның алдындағы дайындық іспепті шара. Бірақ, Астана процесі Женева келіссөздерінің баламасы емес. Керсінше, оны толықтырып, лайықты үлес қосады деуге болады.  

«Астана процесін» бүкіл әлем бақылады. Келіссөзден ақпарат тарату үшін елордаға әлем елдерінен 320 тілші келді. Оларға 120 қазақстандық журналисті қосыңыз. «Астана процесінен» хабар таратуға келгендердің арасында сириялық тілші Алла Ибрагим де бар.

АЛЛА ИБРАГИМ,  ТІЛШІ /СИРИЯ/:

6 жылға созылған соғыс халықты әбден шаршатты. Мысалы, Дамаскіде 22 күн ауыз су болған жоқ. Оқтын-оқтын жарық өшіп тұрады. Халық бейбіт күнді аңсайды. Атылған оқтың дауысынан әдбен жалықты. Сондықтан, біз осы келіссөздерге үлкен үміт артып отырмыз.

Сириядағы күрделі мәселе сириялықтарды ғана емес, жаһан жұртын алаңдатып отыр. Сондықтан, бүкіл әлем бұл мәселенің бейбіт шешілгенін қалайды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер