Астанада өтетін «EXPO-2017» халықаралық көрмесінде Қазақстанның тарихи-мәдени мұралары кеңінен насихатталады. Көрме қонақтарына арналған туристік карта әзір. Оған ел аумағындағы 76 нысан енген. Тізімде «Таңбалы» табиғи қорық-музейі бар. Жақында бұл тарихи орын жайлы тың деректер жинақталған «Ежелгі Жетісу. Археологиялық ескерткіштер» атты кітап жарық көрді. Ғылыми еңбек қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шыққан.

Таңбалы – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген, аса құнды жәдігерлеріміз сақталған тарихи мекен. Жетісуда орналасқан дала музейінде республикалық маңызы бар ескерткіштер саны 100-ге жуық. Атап айтқанда, шатқал іші археологиялық қорғандар, қорымдар мен қоныстарды құрайды. Осы күні таңбалы тастарында тасқа қашалған 5 мыңнан астам петроглиф зерттеліп, мән-мазмұны анықталған.

БОРИС ЖЕЛЕЗНЯКОВ, «ТАҢБАЛЫ» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз жыл сайын бұл петроглифтерді зерттей келе аса қызықты деген тарихи деректер  табамыз. Мәселен, былтыр доңғалақ ұстап тұрған адамның тасқа қашалған суретін таптық. Қолындағы дөңгелек сәуле шашып тұрғандай әсер қалдырды. Ол кезде дөңгелек саяхаттар мен қоныс аударудың нышаны болды. Сондықтан сол заманның адамдары үшін ол аса құнды саналған.

Үш тілде жазылған жинаққа археологтардың  таңбалы жартастарында  қашалған әр сурет пен таңбаны, қорымдарды зерделі зерттеген еңбектері енген. Белгиялық ғалым Люк Херман Аққайнар жазығын зерттеу еңбегінде ерте темір ғасырына жататын 4100 суреттің барын айтады. Аң аулауға шығудың суреті дәл осы кезеңде бейнеленген. Көне түркі ғасырына 800 таңба, ал жаңадан табылған төрт дұға жазуы қазақ-жоңғар кезеңіне жатқызылған.

АБАЙ БИГЕЛДИЕВ, «ТАҢБАЛЫ» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл кітапқа барлық ғалымдардың бұрын жарияланбаған еңбектері еніп отыр. Еуропалық ғалымдар болсын, біздің ғалымдар болсын солардың соңғы 1-2 жылдағы зерттелген еңбектерінің нәтижесі алғаш рет еніп отыр.

Былтыр «Таңбалыны» 3 мың адам тамашалапты. Шетелден 700 саяхатшы мен ғалымдар келген. Ал биыл «Астана ЕХРО-2017» көрмесі аясында тарихымызбен танысуға осы өлкеге келетін адам саны 10 мыңға жуық болуы мүмкін, дейді археологтар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер