Ұлыбритания астанасы Лондонға Қытайдың алғашқы жүк пойызы келді. Чжэцзян провинциясынан 1 қаңтарда сапарға шыққан ол, ағылшын жеріне 18 күнде жетті. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Бельгия және Франция аумағы арқылы жүріп өткен пойыз 12 мың шақырымды еңсерген. Ол арқылы лондондықтарға 34 контейнермен киім-кешек және көпшілік тұтынатын тауарлар жеткізілді. Темір жол көлігі енді осы бағытпен Қытайдан апта сайын жүрмек. Айта кетейік, Қытай Еуропаның 18 елімен тікелей темір жол қатынасын орнатқан. Ал Лондон кәрі құрлықтағы 15-астана болып отыр.

ФИЛИППА ЭДМУНДС, «CAMPAIGN FOR BETTER TRANSPORT» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Темір жолмен тасымалдау теңізге қарағанда екі есеге арзан. Ал әуе жолымен салыстырсақ әлдеқайда таза әрі шығыны да аз. Экологиялық жағынан 20 есе таза. Сондықтан климаттың жылынуы тұрғысынан алатын болсақ, біз темір жолды мүмкіндігінше көбірек қолдануымыз керек. Сонымен қатар кептелісті азайтып, қауіпсіздікті күшейту үшін де маңызды.

Қытай өз тауарларымен Қазақстан арқылы Еуропалық одақпен қатар кәрі құрлық елдеріне шығуды жоспарлап отыр. Жаңа дәліз арқылы аспан асты елі уақыт пен жол машақатын шешуді көздейді. Әрі әуе жүк тасымалы шығынынан құны 10 есеге аз түседі.

ЧЖАН ХАНЬХУЭЙ, ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Еліміздің оңтүстігіндегі Гуандун провинциясынан темір жол арқылы Германияға жүк жөнелттік. Тіпті Қазақстан арқылы Ұлыбритания нарығына шықтық. Тауар теңіз транзитімен бір жарым айда бірақ жетеді. Ал Қазақстан арқылы тиелген өніміміз 18 күнде Ұлыбританияда болады. Бұл ең алдымен өте тиімді.

Сеулде Жібек жолы бойындағы Қытайдың Ляньюнган кемежайы мен құрғақ порты және Қазақстандағы «Қорғас – Шығыс қақпасы арнайы экономикалық аймағы арқылы құрлықаралық жүк тасымалын жетілдіру мүмкіндіктері талқыланды. Келіссөздер «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ өкілдері және Ляньюнган портындағы терминалының бірлескен Қазақстан-Қытай басшыларының қатысуымен өтті. Келушілер Қытай мен Қазақстанның логистикалық инфрақұрылымын пайдаланып өз тауарларын Еуропа, Турция, Иран және Орталық Азия нарығына шығаруды көздеп отырғандарын алға тартты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер