Француз оқушылары білім берудің  қазақстандық әдістемесімен танысты. Өзара әріптестік бағдарламасы аясында астаналық №17 мектеп-гимназиясына 1 аптаға Сен-Сир әскері лицейінің 20 оқушысы келді. Олар қазақстандық оқушылардың  сабақтарына қатысып, екі елдің білім жүйесін салыстыра алмақ. Жоба мақсаты – Қазақстан мен Францияның мәдени байланысын нығайту, дейді ұйымдастырушылар. Шетелдік меймандар үшін әзірленген мәдени бағдарлама ауқымды. Француз оқушылары елорданы аралап, қазақтың дәстүрімен жақынырақ таныспақ.

КЛАРИС ЛАМБАЛЬ, СЕН-СИР ӘСКЕРИ ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ CLARISSE LAMBALLE:

Біз № 17 лицейде математика, тарих, география сабақтарына қатыстық. Білім берудің қазақстандық әдісі Франциядан өзгеше. Мен үшін бұл жерде оқушылардың өз  ойларымен бөлісіп, тақырыптың сыныпта қызу талқыға салынатындығы қызықты болды.  Тарих пен география пәндері мазмұны жағынан, әрине, мүлдем басқаша, алайда өте қызық. 

№17 гимназия мен Сен-Сир әскери лицейі 2 жылдан бері тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бағдарламаның арқасында француз оқушылары Қазақстан жайлы біраз мағлұмат алды. Бұған дейін біздің оқушылар да Францияға барып қайтқан болатын.

АЯНЕС БАТАЛОВА, АҚАН ҚҰРМАНОВ АТЫНДАҒЫ №17 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ:

Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Өйткені көптеген қазақстандық оқушылар Францияға оқуға түсуді жоспарлап отыр. Сондықтан біз студенттер мен оқытушылардың арасындағы қарым-қатынасқа, сабақтың түсіндірілу әдісі мен тақырыптарға мән бердік.

РАМЗИЯ УМЕРБАЕВА, АҚАН ҚҰРМАНОВ АТЫНДАҒЫ №17 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Оқушылар қазақстандық отбасылармен бірге тұрады. Оларды жақсы қарсы алып қана қоймай, қазақтың, Қазақстан халқының дәстүрлерімен таныстырады. Біздің ұлттық тағамдарымыздан дәм татып көреді. Бұл оқушылар үшін аса қызық.

Сен-Сир әскери лицейі Париждің ең көне мекемелерінің бірі. Оның негізін осыдан 300 жыл бұрын 14-Людовик қалаған болатын. Мамыр айында қазақстандық оқушылардың келесі легі осы мектепке аттанбақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер