Қыпшақ даласында кіндігі кесіліп, қысылтаяң кезеңде құлдыққа сатылып, кейін Мысырды басқарған Сұлтан Бейбарысты білмейтін адам кем де кем. Бірақ Араб сахарасында әмірін жүргізген қыпшақтар Бейбарыспен шектелмейді. Одан кейін билікке Хасан, Қалауын, Қайтпай секілді сұлтандар келді. Мәселен, мынау 1348-1361 жылдары тақта отырған Сұлтан Хасанға арналып салынған мешіт, әрі медресе. Сәулеті таңдай қақтырады. Бүгінде Каирге келген қай қонақ болмасын мұнда бас сұқпай кетпейді.

МҰСТАФА ШӘКИМ, СҰЛТАН ХАСАН МЕШІТ-МЕДРЕСЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Сұлтан Хасан мешіт-медресесі тек Каирде емес, сонымен бірге Ислам әлеміндегі ең үлкен мешіттердің бірі. Ғимараттың ұзындығы - 150 метр. Ал биіктігі 36 метрге жетеді. Мешіт - Мәмлүк сәулет өнері жауһарларының бірі. О баста ол жобаланғанда Исламның төрт мазһабының жеке аумақтары болатындай етіп бөлінген.

Бейбарыстан соң Мысырды ұлдары Берке мен Саламыш басқарды. Одан кейін билікке қайсарлығымен көзге түскен Қалауын келді. Ол 1260 жылы триполи маңындағы крестшілердің қамалын алуда асқан ерлік көрсетіп, ел сеніміне кірген еді. Каирдің қақ ортасындағы Сұлтан Қалауын мешіті бүгінге дейін баяғы бәз қалпында сақталған. Саяхатшы Сапар Ысқақов Мысырдағы құлдан сұлтан болған қыпшақ бабаларымыздың ерлігі мен жүріп өткен жолын өскелең ұрпақ білуі тиіс дейді.

САПАР ЫСҚАҚОВ САЯХАТШЫ:

Мақтанышпен айтуға болады, біздің бабаларымыз, яғни қыпшақ мәмлүктері үлкен тарихта араб елінің әдебиеті мен мәдениетінде үлкен із қалдырды. Оны біздің жастар білу керек, қадірлеу керек. Мақтанышпен айтып жүру керек.

Тарихи дерекке сүйенсек, қыпшақтан шыққан 25 сұлтан Араб елін 130 жылдай басқарған. Бейбарыстан бастап Тұманбайға дейінгі сұлтандар мысыр жерін қызғыштай қорыды. Бірақ, ешқайсысы ата жұрты қазақ даласымен байланыс үзген емес. Өткен дәуірдің көзіне айналған Мысырдағы тарихи жерлердің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазаққа қатысты басқа да құнды мәліметтер шығып қалуы ғажап емес.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер