Қазақстан тәуелсіздік алған ширек ғасырда дамудың даңғыл жолын тапқан іргелі мемлекетке айналды. Шетелдік сарапшылар мен саясаткерлердің пікірі осыған саяды. 25 жылда Қазақстанның экономикасы 20 есеге артты. Италия парламентінің депутаты Даниель Альфрейдер Елбасын үлкен стратег деп санайды. «Президенттің көрегендігі мен халық алдына мақсат қоя білуі Қазақстан экономикасын өркендетуге зор мүмкіндік берді»,-дейді депутат.

ДАНИЕЛЬ АЛЬФРЕЙДЕР, ИТАЛИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Менің пікірімше, Қазақстанның жетістігі оның ұзақ мерзімді бағдарламаларында жатыр. Ондаған жылдарға бағытталған бұл құжаттарды мен жақсы білемін. Экономикада нәтиежеге жету үшін жылдар керек. Олар пісіп жетілу үшін уақыт қажет. Алдыға қойған мақсатқа тоқтаусыз әрі жүйелі ілгерілеу - дамудың басты талабы. Мен мұны ылғи айтамын және сіздердің еліңізге қарап бұған тағы көзім жетіп отыр.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері көптеген жетістікке қол жеткізді. Бұл – Сингапурдың мемлекеттік министрі Лам Пин Миннің пікірі. Оның айтуынша, ел дамуы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатымен тікелей байланысты. Бүгінде Қазақстан тек Азия өңірінде ғана емес, бүкіл әлемде тұрақтылық орнатуға зор ықпалын тигізіп отыр.

ЛАМ ПИН МИН, СИНГАПУРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК МИНИСТРІ:

Қазақстан мен Сингапур халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында экономиканы қарқынды дамытып келеді. Біздің елдер осы тұрғыда тығыз ынтымақтастық орнатып жатыр. 2017 жылы Астанада өтетін «EXPO» көрмесіне қатысып, өзіміздің жаңа технологияларымызды жұртқа паш етпекшіміз.

Қазақстан бүгінде халықаралық маңызды бастамалар көтеріп, жаһандық мәселелерді шешуге аянбай атсалысуда. Осының арқасында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам Конференциясы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды беделді орталарда төрағалық етіп, қызметін абыроймен атқарып шықты деп есептейді Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты Халюк Ипек.

ХАЛЮК ИПЕК, ТҮРКИЯ ҰЛЫ ҰЛТТЫҚ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қазақстан 25 жылды азат ел ретінде үлкен табандылық пен табысты өткергенін мақтанышпен айта аламыз. Әлемге атын әйгілеп, халықаралық қауымдастықта лайықты орын алды. Қуатты мемлекетке айналу үшін үздіксіз экономикалық реформалар жүргізуде. Қазақстан географиялық жағынан Еуропа мен Азияға ашылған қақпа. Ол - аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау жағынан да стратегиялық роль ойнап тұр.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер