Қазақ киносының жаңа кезеңі басталмақ. Биыл елде кинематография туралы жеке заң қабылдау жоспарлануда. Бұған дейін сала үшін түйткілді болған мәселелер құжатта толықтай көрініс таппақ. Ал отандық киноның дамуына тосқауыл болатын жайттар жетерлік. Олардың ішінде фильмдерді кинотеатрларда көрсету уақыты, прокатқа шығуы, көрермендердің фильм тілін таңдау мүмкіндігі сынды заңмен нақты реттелмеген, алайда көрермендер үшін аса маңызды тұстар бар. «Алмас қылыш» фильмінің режиссері Рүстем Әбдіраш бұлардың қатарына кинотеатрлар санының аздығын да қосуға болады деген ойда.

РҮСТЕМ ӘБДІРАШ, «АЛМАС ҚЫЛЫШ» ФИЛЬМІНІҢ РЕЖИССЕРІ:

Прокат жағына келетін болсақ, үрдіс жаман емес. Қазір Қазақстанда 66-67 кинотеатр баршылық. Бірақ әлі де болса, аз. Негізгі кинотеатрлар Алматы, Астана қалаларында , облыс орталықтарында, ал елді-мекендерде бүкіл Қазақстанға шаққанда 1:8 . Ол 1,5-2 кинотеатрдан , одан да аз.

Сондай-ақ отандық кино саласына шетелдік инвесторларды тарту мәселелесі жан-жақты қаралмақ. «Қазақфильм» аумағында салықтық жеңілдіктер қарастырылған арнайы экономикалық аумақ құрылатын болады. «Алайда бұл тек инвестиция емес, үлкен тәжірибе»,-дейді сала мамандары.

АХАТ ЫБРАЕВ, ҚАЗАҚСТАН КИНЕМАТОГРАФИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

2014 жылы «Марко Поло» туындысы түсірілді. Мен ол фильмнің продюсері болдым. Біз фильмді Қазақстан аумағында түсірдік, ал ол Нетфликсте шықты. Бұл жоба Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Отандық кино саласының мамандары өз біліктіліктерін арттырды. Біз бұл жобаны инвестиция деп қарастырамыз. Өйткені олар Қазақстанда 4 млн доллар қаражат жұмсады.

Кино саласының майталмандары тың заңның индустрияға тың серпін береріне сенімді. Өйткені оның арқасында жаңа нарықтарға шығу мәселесі де реттелетін болады. Осылайша, біздің фильмдеріміз Қытай сынды ауқымды елдің нарығына жол тарта алады. Шетелдік прокатта отандық өніміміздің көптеп пайда болуы да мүмкін. Яғни жұртшылық Қазақстанның бай тарихы, әсем табиғатымен таныса алмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер