Ұлттық ұланның 800 сарбазы екі аптадан кейін қаладағы қоғамдық қауіпсіздікке жұмылдырылады. Бекітілген кестеге сәйкес түскі сағат үштен түнгі 11-ге дейін қала көшелеріндегі тәртіпті қадағалайды. Оларды тасымалдау үшін 100-ден аса әскери техника дайындалған. Сонымен қатар, сарбаздар өткен жылдың қазан айынан бастап арнайы мамандандырылған ағылшын тілін үйренген. Оған қоса жиі қолданылатын сөздер жинақталған үш тілді кітапша дайындалыпты.

НИЯЗТАЙ ӘЛКЕШЕВ, ҚР ҰҰ «ОҢТҮСТІК» ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Барлығы ағылшын тілінде 100 пайызға сөйлеп кетті деген сөз емес. Бірақ, шет елдік қонақтар қалада біздің патрульдерге кездесіп қалып жөн сұрайтын болса, бағытын айтып, көрсетуге дайын.

Бұдан бөлек, Универсиада қатысушыларын күтіп алуға Алматы әуежайында арнайы дәліз қарастырылған. Алғашқылардың бірі болып дүбірлі жарысқа 24 қаңтарда Қытай елінің спортшылары ұшып келеді. Одан кейін Канада мен АҚШ-тың қатысушылары табан тірейді.

НАИЛЬ НҰРОВ, «УНИВЕРСИАДА-2017» ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Тек Универсиадаға келетін делегация үшін 5 кедендік бақылау аймағы жұмыс істейтін болады. Ал, қажеттілік туындаған жағдайда әуежайдағы шекара қызметі тағы 10 бақылау аймағын іске қосады. Әрбір спортшыны тексеріп, өткізуге көп дегенде 1 минут уақыт кетеді.

Универсиада дирекциясы мен спортшыларымыздың соңғы дайындығы пысықталып жатыр. Қаладағы спорттық нысандар сақадай сай.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер