25 жыл ішіндегі Қазақстанның жетістіктері ауқымды.  Еуропа мен Орталық Азиядағы  Дүниежүзілік банктің вице-президенті Сирил Мюллер осындай ойымен бөлісті. Оның айтуынша, елде бизнесті жүргізу мүмкіндіктері жақсарған. «Заңнамада тың өзгерістер байқалады, бірқатар талаптар жеңілдетілген»,-дейді ол. «Doing Bushiness»-тің соңғы рейтингінде еліміз 190 мемлекеттің арасында 35-орынға көтерілді. Сондай-ақ әлемдегі 10 реформа жасаушы елдердің тізіміне де ілікті. Мюллер Қазақстанның табысы орташадан жоғары елдер деңгейіне көтерілгендігін де атап өтті. 2002 жылдан бастап елде жан басына шаққандағы ЖІӨ мөлшері 6 есеге артты. 

СИРИЛ МЮЛЛЕР, ЕУРОПА МЕН  ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ  ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНКТІҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Менің ойымша, Қазақстанның ауыл шаруашылығы және азық-түлік секторындағы әлеуеті зор. Елдеріңіз білім беру, технологиялық сала мен ғылымда қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда барлық әлем жаңа экономикаға бет бұруда. Сондықтан Қазақстан бұл тұста артта қалмақ емес. Өтйкені белсенді, білімді жастары бар, олар алдағы уақытта еңбек нарығын толықтырмақ. 

Сирил Мюллер әлемдік экономикада биылғы жыл Қазақстан үшін аса қолайлы деп есептейді. Теңгенің қазіргі бағаны қазақстандық тауарларды әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті етіп отыр. Ол отандық өнім алдағы уақытта Еуропа нарығында да танымал болады деген болжам жасауда.

СИРИЛ МЮЛЛЕР, ЕУРОПА МЕН  ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ  ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНКТІҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір Қазақстан үшін аса қолайлы уақыт деп ойлаймын. Өйткені мұнай бағасы аздап тұрақтады. Мұнымен қоса, теңгенің еркін айналымға шығарылуы қазақстандық шикізаттық емес экспортты бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік берді. Яғни енді Қазақстан экономикалық өсімнің өзге тетіктерін дамыта алады. Алдағы уақытта өсімнің басты көзі дәл осы шикізаттық емес сектор да бола алады. 

Биыл Қазақстан мен Дүниежүзілік банктің әріптестігіне 25 жыл. 1992 жылдан бері қаржы институты жалпы сомасы 8 млрд доллар болатын 45 жобаны қолдады. Олар қоршаған ортаны қорғаудан бастап технологияларды коммерцияландыруға дейін қамтиды. Сирил Мюллердің айтуынша, институт Қазақстан Үкіметінің елді бәсекеге қабілетті ету және жұмыс орындарын ашу саясатын қолдауды жалғастырмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер