Жамбыл облысының кәсіпорындары экспорттық әлеуетін арттыруда. Өңірдегі энергетика саласына қажетті бұйымдар шығаратын жалғыз компания өнімі Ресейге тасымалданады. Зауыт – электр энергияны 70 пайызға дейін үнемдейтін диодты шамдар өндіреді. Бұл өнімдер қуатты мейілінше аз жұмсағанымен қатар ұзақ уақытқа шыдас береді. Оған қажетті шикізаттың басым бөлігі өзіміздің елден алынады. Тек диодты сәуле бөлетін кристалдар ғана шетелден тасымалданады.

СЕРГЕЙ ЛУКИНСКИЙ, ДИОДТЫ ШАМДАР ӨНДІРІСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

40 түрлі шамның түрін жасаймыз. Қазір жылыжай кешендеріне арналған жасыл, қызыл, көк түсті шамдардың үлгісін дайындап жатырмыз. Олардың ерекшелігі жылыжайлардағы өнімділікті арттырып, өсімдіктерді түрлі аурулардан сақтайды. Әрі электр энергиясына үнем болады.

Кәсіпорын былтыр 1 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Қазір халық электр энергиясын үнемдеуге көшкендіктен отандық өнімге сұраныс 30 пайызға дейін артқан. Тараз қаласының көшелеріне орнатылған диодты шамдар да осы жерде жасалған. Бұл өнімдерді құрастыратын мамандардың 15-20 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар.

БЕРДІБЕК СЫЗДЫҚОВ, «ЭНЕРДЖИ ТАРАЗ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шығатын заттарымыз мынау шетелден өндіріліп жатқан заттарға да бәсекеге түсе аламыз. 70 пайызы өзіміздің қазақстандық өнім. Россиядан да қазір тапсырыстар түсіп жатыр. Және осы жергілікті зауыттармен де келісім шарттарымыз бар.

Тараздағы «Жамбыл гипс» зауыты өндірістік қуатын өрістете түспек. Кәсіпорында қазір гипстен 20-ға жуық өнім шығарылады. Сұраныс артқандықтан қосымша 4 бірдей цех салынды. Еліміздің ішкі қажеттілігінің тең жартысына жуығын осы мекеме қанағаттандырып отыр. Ал, экспортқа былтыр 500 миллион теңгенің тауары шығарылған. Негізінен өнім Ресейге жөнелтілуде.

ЕРМЕК МОМЫНОВ, ОПЕРАТОР:

Шикізат мына мониторда көрініп тұрғандай бункерге келіп түседі. Бункерден үгітіліп әрі қарай сушильный барабанға беріледі. Сағатына 7 тонна  кептіріп әрі қарай отделение сепарации дейді . Сонда үгітіледі.

Зауыт толық қуатта жұмыс істесе өнім көлемі қазіргіден бес есеге артады. Енді мұнда гипстен бөлек құрғақ қоспа, перлит сияқты тағы бірнеше түрлі өнім шығарылады. Құрылыс және ауылшаруашылығында молынан пайдаланылатын перлит өнімі Орталық Азия елдерінің арасында алғаш болып Таразда өндіріледі.

БОЛАТ ТАЛАСБАЕВ, «ЖАМБЫЛ ГИПС» АҚ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Жаңа зауытты іске қосу арқылы микрокальцид шығаруды қолға алдық. Өнімнің бұл түрі Қазақстанда бұрын соңды өндірістік негізде шығарылмаған. Жылына 70 мың тонна өндіруге мүмкіндік бар. Барлық стандартқа сай. Кез келген нарықта бәсекеге түсуге қабілеттіміз. Жобамыздың жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайды.

Тараздағы «Минералды тыңайтқыштар зауытында» экстракционды фосфор қышқылын өндіретін технологиялық жүйе қайта жаңғыртылды. Құны 9 млрд теңгеден асатын жобаны жалпыұлттық телекөпір барысында мемлекет басшысы іске қосқан болатын.

МҰҚАШ ЕСКЕНДІРОВ, «ҚАЗФОСФАТ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Екі жылдан артық уақытта бітірдік. Құрылысқа негізінен дүниежүзіндегі жаңа жабдықтар техникалық шешімдер  осы жерде іске асырылды.  Бұның барлығы Қазақстандағы ауылшаруашылығы мекемелерін 100 процент қаражатының барлығын жабады деген ойдамыз.

Жаңа цех жылына 220 мың тонна өнім шығарады. Осының негізінде бір жылда өндірілетін ауылшаруашылығына қажетті минералды тыңайтқыштардың көлемі 147 мың тоннадан, 500 мың тоннаға артады. «Ал бұл ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін 15-20 пайызға еселеуге мүмкіндік береді»,-дейді мамандар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер