Елорда тұрғындары мен қонақтары керемет кештің куәсі болды. Астанада Гуандун Қытай провинциясының ұлттық оркестрі аспан асты елінің дәстүрлі көктем мерекесіне арналған жаңа жылдық концертін тарту етті. Биылғы мерекелік бағдарлама Қазақстан мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына орайластырылып отыр. 1949 жылы құрылған оркестрде дәстүрлі музыканың ең үздік орындаушылары жұмыс істейді. Өнер ұжымы соңғы 16 жылда дүниежүзінің 15-тен астам еліне концерт қойып үлгерген. Қытай оркестрінің репертуары, әсіресе ұлттық музыкаға аса бай. «Айдаһарлар қайығындағы жарыс», «Құрлықтағы қайық биі», «Керемет түн» секілді туындылар қайталанбас ұлттық бояуымен ерекшеленеді. Бағдарламадан қазіргі заман музыкасы да шет қалмаған.

ЧЖАН ХАНЬХУЭЙ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚХР ЕЛШІСІ:

Гуандундық музыка аса нәзік әрі өзге әуендерге мүлдем ұқсамайды. Біз үшін «Көктем мерекесі» қасиетті саналады. Сондықтан ұлттық мейрамымызды стратегиялық әріптесіміз Қазақстанмен ортақтасып тойлауды жөн көрдік.

ЧЖАН ЛИ, ДИРИЖЕР, ОРКЕСТР ЖЕТЕКШІСІ:

Біз Қазақстанға алғаш рет мерекелік бағдарламамызды алып келдік. Қазақстан мен Қытай Ұлы Жібек жолын жалғайтын басты елдердің бірі Қос мемлекет арасында саяси, экономикалық, сауда-саттық әріптестігі тығыз дамып келеді. Біздің мақсат өнерлерімізді сабақтастырып мәдени байланыс орнату.

«Чуньцзе» немесе көктем мерекесі – қытайлықтар үшін қасиетті саналады. Шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл қаңтардың 28-жұлдызына сай келеді. Жыл бойы демалыссыз жұмыс істейтін еңбекқор халық бұл мейрамды 40 күнге дейін тойлайды. Ұйымдастырушылар жаңа жыл қос мемлекеттің ынтымақтастығы арта түсетініне сенімді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер