Бұдан былай Астана-Өскемен бағытына қатынайтын «Астана-Защита» пойызы «Абай жолы» деп аталады. Бұл туралы Семейдегі Абай музейі ресми хабарлама жасады, деп хабарлайды BAQ.kz.

Өткен жылдың желтоқсан айында «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның президенті, Басқарма төрағасы Қанат Қалиұлы Алпысбаев мырзаға Абай музейі ұжымының ұйымдастыруымен жергілікті әкімшілік және қоғамдық ұйымдардың атынан «Алдағы, 2017 жылы әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы, кемеңгер жазушы, ұлт мақтанышы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толатынын ескере отырып, «Астана-Защита» бағытына қатынайтын №67/68 «Тұлпар-Тальго» поезын «Абай жолы» деп атауды сұраймыз» деген мазмұнда арнайы хат жолданған. Хатқа ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Т.Ибрагимов, «Абай» қорының президенті О.Кәрібжанов, Семей қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Көпбаев, республикалық «Абай» журналының бас редакторы М.Оспанов, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің А.Еспенбетов, А.Исин, М.Кәрімов, М.Түйебаев, М.Мұхамадиев тәрізді т.б. бір топ ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қол қойған.

Көп кешікпей Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков мырзаға жоғарыда аталған ұлттық компанияның Дамыту жөніндегі вице-президенті міндетін атқарушы Д. Нұрмағанбетовтен:

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының еншілес компаниясы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қоғам) сіздің №67/68 «Астана-Защита» бағытындағы жолаушылар пойызына «Абай жолы» атауын беру жөніндегі ұсынысыңыз назарға алынып, келісілді. Қазіргі таңда Қоғам тарапынан осы мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда», - деген жауап та келген еді.

Осы мәселе бойынша Астанамен телефон арқылы тілдескенімізде «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының сервистік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Асқар Ахметбеков «Абай жолы» атауымен жолаушылар поезы осы қаңтар айының соңында немесе алдағы ақпан айында қатынайтын болады», - деп хабарлады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер