Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ашық пікірталасына қатысты. «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбында өткен шарада сөз алған еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси жолдауын таныстырды. Мұнда Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан жұмысының басымдықтары көрсетілген. Олардың қатарында ядролық қарусыз әлемді жақындату, жаһандық соғыс қатерін болдырмау, Ауғанстандағы бейбітшілікке ықпалдасу, Орталық Азияда бейбіт өңірлік аймақ қалыптастыру, БҰҰ қамқорлығымен Жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция құру сияқты маңызды мәселелер қамтылған.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Қазақстан президенті өз үндеуінде нақты диалогтар болмайынша жанжалдардың алдын алып, бейбітшілік орнату мүмкін еместігін сөз етеді. БҰҰ-ның 100 жылдығына әлемді ядролық қарудан азат болуға шақырып, бұл бағытта анық іс-қимыл жоспары айтылған.

Президенттің жолдауы қатысушылардың жоғары бағасына ие болды. Оны Кеңестің ресми құжаты ретінде тіркеу туралы шешім қабылданды. Нью-Йоркке сапары барысында Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутеррешпен кездесті. Жүздесу барысында Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығының көп қырлы күн тәртібі талқыланды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер