Атырау облысы Ресей мен БАӘ-не ет экспорты көлемін ұлғайтуға ниетті. Жақында өңір аталмыш таяу шығыс еліне 2 мың бас қозы жеткізу жөнінде келісімге тұрған. Бүгінде аймақтағы Махамбет ауданында қой шаруашылықтарында сақман басталды. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен жергілікті шаруалар ата кәсіпті жандандыруға білек сыбана кірісті. Әміржан Қапанов – 3 миллион теңге жеңілдетілген несие алып шаруасын бастаған кәсіпкер. Қазір қожалықта 200 бастан астам қой бар. Қазақтың еділбай тұқымды қойлары қысқа төзімді болғанымен оның елтірісі бұрынғыдай кәдеге аспай тұр. Сондықтан шаруашылық негізінен ет бағытына маманданған.

ӘМІРЖАН ҚАПАНОВ, ШАРУАШЫЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:

Биыл тәжірибе ретінде 30-шақты қойды қаңтарда туатын қылып, қошқар қосқанбыз. Енді оның алды туып жатыр, бастап. Бұлар енді сәуір-мамыр айларында сатуға келеді ғой. Кішкене өзімізге қаражат болсын деп несиені қайтару керек. Сондай бағытта жұмыс істеп жатырмыз, енді.

Соңғы жылдары Атырау облысында ұсақ малдың басы айтарлықтай өсіп келеді. Махамбет ауданының бір ғана Бейбарыс ауылының өзінде биыл жарты мыңға жуық қой-ешкі күйекке түсті. Өткен жылдың аяғында мемлекеттік бағдарлама арқылы 6 млн теңге алған тағы 2 жаңа шаруашылық қатарға қосылды. Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақ.

Павлодарлық фермерлер де биыл өнім өткізуде қиындық көрмейді. Ақтоғай ауданында орналасқан ірі шаруашылықтардың бірі қоймаға 14 мың тонна картоп жинапты. Оның 2 мың тоннасы тұқымдық картоп. Кәсіпкер бүгінге дейін 3 мың тонна өнімін саудалап үлгерген. Көктемге дейін тағы 4 жарым мың тоннасын өткізуді жоспарлап отыр. Сапалы өнімге сұраныс жоғары. Әсіресе, көршілес Өзбек ағайындар мен еліміздің оңтүстік және шығыс облыстарынан сатып алушылар көп. Өткен жылы 788 гектар алқапқа картоп егілген. Серіктестікте 130 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың дені ауыл тұрғындары.

ИГОРЬ ГОЛОВАШЕВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ:

Бүгінгі таңда картопты жақсы бағамен өткізіп жатырмыз. Картоптың сапасына орай келісі шамамен 60-65 теңгенің төңірегінде болады. Тұқымдық өнімді 45-50 теңгеден босатамыз. Бұл екінші репродукция. Жоғары репродукциялы өнімнің келісі шамамен 90 теңгеден келеді.

ҚАЙРАТ МҰҚАНОВ, КӨКӨНІС ҚОЙМАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Қазір енді елуге жақын жұмыскер осы көкөніс қоймасында жұмыс істеп жатыр. Көктем уақытында 200-ге дейін адам жұмыс істейді еңбектері жақсы ай сайын еңбек төленіп тұрады. Картобымыз жақсы сақталады, күніне бір 100-120 тонна картоп жіберіп тұрамыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер